Munarmedia.kz | 03.05.2026. ASTANA – Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол-көлік оқиғасына қатысты іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті.
Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы Александр Пак мас күйінде көлік жүргізіп, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан ауыр жол апаты орын алып, адам шығынына әкелген.
Сот отырысына Александр Пак онлайн форматта қатысты. Бұған дейін оның қорғаушысы айыпталушының жарақат алғанын алға тартып, сотқа қашықтан қатысуға рұқсат беруді сұраған болатын.
Отырыста мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін қайта оқып, қайғылы оқиғаның мән-жайын баяндады. Өз кезегінде Александр Пак тағылған айыпты түсінетінін және жол апатын жасағаны үшін кінәсін толық мойындайтынын мәлімдеді.
Сот барысында іс қарау тәртібі де нақтыланды. Алдымен жәбірленушілерден жауап алынатын болды. Кейін куәгерлер тыңдалып, одан соң айыпталушыдан жауап алынады. Бұдан кейін тараптардың жарыссөзі өтеді.
Еске сала кетейік, алдын ала тыңдау қорытындысы бойынша сот журналистерге Александр Пакты фотоға және бейнежазбаға түсіруге тыйым салған. Сонымен қатар қорғаушы тараптың өтініші ішінара қанағаттандырылып, айыпталушының денсаулық жағдайына байланысты онлайн режимде қатысуына мүмкіндік берілген. Алайда жауап беру кезеңінде немесе маңызды процессуалдық сәттерде оның сот залына жеке келуі міндеттелуі мүмкін.
Сотта белгілі болғандай, қаза тапқан азаматтардың бірі – Құмар Тенелбаеваның туыстары татуласудан бас тартқан. Олардың адвокаты отбасы сотқа 100 миллион теңге көлемінде азаматтық талап қоюды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Сонымен бірге іс материалдарында жәбірленушілердің бірінің Александр Пакпен татуласуға келіскені айтылды.
Қайғылы жол апаты биылғы 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған. Сараптама қорытындысына сәйкес, соқтығыс сәтіне дейін электромобильдің жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жетуі мүмкін болған.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, қаза болғандардың туыстары кінәліге заң аясындағы ең қатаң жаза тағайындауды талап еткен болатын.
#Алматы #ЖКО #ӘлФараби #АлександрПак #Сот #Қазақстан #MunarmediaKZ