Атырау қаласының әкімі ҰҚК департаментіне жауап алуға жеткізілді

38

Munarmedia.kz | 03.05.2026. ASTANA – Атырау қаласының әкімі Шакир Кейкин қылмыстық іс аясында жауап алуға шақырылғаны туралы ақпарат тарады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Атырау облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері қала әкімін тергеу әрекеттеріне байланысты жауап алуға жеткізген.

Дереккөздердің мәліметінше, Шакир Кейкин облыс әкімдігінде өтуі тиіс жиын басталар алдында ғимараттан тергеушілердің сүйемелдеуімен шығарылып, бірнеше сағат бойы жауап алынған. Кейін кешкі уақытта үйіне қайтарылғаны айтылып отыр.

Алайда материал жарияланған сәтке дейін Атырау облыстық ҰҚК департаменті мен облыс әкімдігі тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Жергілікті БАҚ мәліметіне сәйкес, қылмыстық іс материалдарында 40 миллион теңге көлеміндегі қаржы және тағы бір күдікті – «Қалалық тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС бас директорының орынбасары Бейбіт Мағзұмовтың есімі аталады.

Басылым деректеріне қарағанда, ұсталғаннан кейін Мейіржан Мұқасов процессуалдық келісім жасауға ниет білдіргенімен, кейіннен бұл шешімінен бас тартқан.

Сонымен қатар, «Halyqstan» Telegram-арнасы Бейбіт Мағзұмовтың уақытша ұстау изоляторында отырғанын хабарлады. Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, оның атына тіркелген «VM Service» жеке кәсіпкерлігі 2026 жылғы 14 сәуірде қызметін тоқтатқан. Кәсіпорын жер асты суларын сорып шығару жұмыстарына қатысқан деген ақпарат бар.

Қазіргі уақытта журналистер тергеу амалдарына қатысты ресми мәлімет алу үшін ҰҚК департаменті мен облыстық прокуратураға сауал жолдаған. Алайда әзірге жауап берілмеген.

#Атырау #ШакирКейкин #ҰҚК #СыбайласЖемқорлық #Тергеу #Қазақстан #MunarmediaKZ