08.06.2026. ASTANA. Munarmedia.kz – Алдағы бес жылда Жер шарындағы орташа температура рекордтық жоғары деңгейде сақталып, 2030 жылға дейінгі кезеңнің бір жылы адамзат тарихындағы ең ыстық жыл ретінде тіркелуі мүмкін. Бұл туралы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) жариялаған жаңа баяндамада айтылды.
Құжатта климаттық деректер талданып, алдағы бес жылға арналған температура мен жауын-шашын бойынша өңірлік болжамдар ұсынылған.
Мамандардың бағалауынша, 2026–2030 жылдары орташа жаһандық температура индустрияға дейінгі кезеңмен (1850–1900 жылдар) салыстырғанда 1,3–1,9 градус Цельсийге жоғары болады.
Сарапшылардың есептеуінше, алдағы бес жылдың бірінің 2024 жылғы рекордтық көрсеткіштен де ыстық болуының ықтималдығы 86 пайызды құрайды. Сонымен қатар 2030 жылға дейінгі кезеңде кем дегенде бір жылда Жердің орташа температурасы индустрияға дейінгі деңгейден уақытша 1,5 градус Цельсийден жоғары көтерілу ықтималдығы 91 пайызға бағаланған.
Баяндаманың жетекші авторы Леон Хермансон 2026 жылдың соңында Эль-Ниньо құбылысының қалыптасуы күтілетінін айтты. Оның сөзінше, бұл жағдай 2027 жылдың кезекті рекордтық ыстық жыл болу ықтималдығын арттырады.
Эль-Ниньо – Тынық мұхитының экваторлық бөлігіндегі су бетінің қалыптан тыс жылынуымен сипатталатын табиғи климаттық құбылыс. Ол атмосфералық айналымға әсер етіп, әлемнің түрлі өңірлерінде аптап ыстық, құрғақшылық пен су тасқыны сияқты экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілеуіне себеп болады.
Ғалымдардың болжамынша, климаттың жылынуы әсіресе Арктикада қарқынды жалғасады. Қыс мезгілінде бұл өңірдегі температура орташа көрсеткіштен 2,8 градус Цельсийден астам жоғары болуы мүмкін. Бұл жаһандық орташа жылыну қарқынынан үш еседен көп.
Сонымен қатар Баренц, Беринг және Охот теңіздеріндегі мұз жамылғысының көлемі одан әрі қысқарады деп күтілуде.
ДМҰ мәліметінше, алдағы жылдары Солтүстік жарты шардың көптеген аймақтарында жауын-шашын мөлшері артады. Әсіресе Солтүстік Еуропада, Аляскада және Сібірде ылғалды ауа райы жиі байқалуы мүмкін.
Бұған дейін ғалымдар алдағы онжылдықтарда әлем бойынша төрт миллиардқа жуық қала тұрғыны экстремалды ыстықтың зардабын сезінуі мүмкін екенін болжаған еді.
#Климат #ЖаһандықЖылыну #ДМҰ #ЭльНиньо #Экология #АуаРайы #Арктика #Munarmedia #ASTANA