Алматы облысында зираттан қайтып келе жатқан 24 жастағы жігіт пышақталып қаза тапты

45


АСТАНА.16.05.2026.Munarmedia.kz – Алматы облысының Талғар ауданындағы Нұра ауылында 24 жастағы жігіт пышақ жарақатынан көз жұмды. Қайғылы оқиға 11 мамыр күні түнде болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм туған інісімен бірге осыдан 10 жыл бұрын өмірден өткен әкесінің қабіріне Құран бағыштау үшін зиратқа барған. Қайтар жолда олардың көлігінің жолын есіктері айқара ашық тұрған басқа автокөлік бөгеген. Көлік ішінде үш ер адам отырған.

Марқұм мен оның інісі жол беруін сұрағанымен, қарсы тарап дөрекі жауап қайтарған. Туыстарының айтуынша, ағайындылар жанжалға араласпай, үйлеріне қарай кетіп қалған. Алайда әлгі үш тұрғын олардың соңынан ерген.

Үй маңына жеткен кезде 24 жастағы жігіт көліктен түскен сәтте күдіктілердің бірі оған пышақпен шабуыл жасап, кеуде тұсынан екі рет жарақаттаған. Ауыр жараланған азамат ауруханада көз жұмған.

Оқиғаға қатысты Алматы облысы полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Ведомство мәліметінше, хабарлама түскеннен кейін барлық полиция жасақтарына жедел бағдар беріліп, блокбекеттер қойылған. Жедел-іздестіру шаралары барысында марқұмның үш ауылдасы күдікті ретінде ұсталды.

Қазіргі уақытта «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Полиция тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың және куәгерлердің жауабы мұқият тексерілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар істің тергелуі облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.

Бейресми деректерге сәйкес, өлімге әкелген пышақ жарақатын салды деген негізгі күдікті небәрі 20 жаста. Марқұмнан екі кішкентай қызы қалған.

#АлматыОблысы #Талғар #НұраАуылы #Қылмыс #Полиция #ҚайғылыОқиға #Munarmedia