Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Алматыда ақын Ақсұңқар Ақынбабақызының шығармашылық кеші өтті

47

Алматыда белгілі ақын, Алтайдың Ақсұңқарының жеке шығармашылық кеші өтті. Ақсұңқар Ақынбабақызы атажұртқа оралған ақын, жазушылар арасындағы шоқтығы биік қыздардың бірі. Жасынан әкесі Ақынбабаның қасында жүріп, әдебиет пен өнерге ғашық болған ақын қыз бұл аурудан мәңгілікке айықпайды. Табиғатты түсіне біліп, тылсым әлеммен сырласып, жан толқынысын өлең сөзімен маржандай тізіп келе жатқан ақын қыздың тағдыры халқының қошаметі, оқырмандарының мойындауымен құнды. Осындай тума талант иесі атамекенге келгеннен бері жарғақ қолы жастыққа тимей өнерге қызмет етіп келеді. Журналистиканың қыр-сырын меңгеріп, жоғарғы білім алған соң еліміздегі бірнеше беделді телеарналарында қызмет істеген Ақсұңқар ақындығын, әншілігін, аудармашылығын тастаған емес. Біреулер көшеде жатқан тасты көтеріп алып тастап, оны дүйім елге жария қылып жатады. Ал Ақсұңқар өзінің принципшілідігімен, әкесінен мұра болған ақиқатқа қызмет етуді бойына сіңіргендіктен қаншама құнды дүниелер жазып, еліміздің әдеби, мәдени мұрасының толығуына үлесін қосып жүрсе де үндемеді. Үндемей келеді. Ешкімнен алақан жайып атақ, даңқ, абыройы сұраған емес. Жаратылысы ерекше болғандықтан бұл дүниенің күйбін тірлігімен алысып жүріп, алдағы ұрпаққа мұра болар том-том шығармаларын жазып келеді.  Ақсұңқар ақын ғана емес Алтай асып кеткен мұңлы қазақтың мұрасын жалғастырып, сағынышты әндерін насихаттаушы һәм орындаушы. Оның орындауындағы "Ағажай Алтайдай" әні атамекеннен алысқа кеткен қаймана қазақтың үні. Әнді де екінің бірі, естінің жүрегіне жеткізіп орындай алмасы анық. Ал Ақсұңқар Ақынбабақызы қарапайым қоңыр үнімен жеткізе алатын табиғи дарын. Ал аудармашылығы бір төбе. Орыстың ұлы ақындарын қазақша тәржімалап, оқырманға ұсынып жүрген Ақсұңқарға еңбегін елеп, қаламақы беріп жатқан Министрлік жоқ. Жақында Анна Ахматованың өлеңдерін қазақшаға тәжімалап "Жарылыс" кітабын шығарды. Екінің бірі тарихшы. ақын,. жазушы, композитор, әнші болып, қазақтың қасиетті өнері депрессияға ұшырап жатқан, хас шеберлері репрессияға ұшырап жатқаны да өтірік емес. Кезінде Мұқағалиды бағаламай, Шәмшіні алалап, Қажымұқанды аштан өлтірген  тобырдың ұрпағы әлі бар. Олар билікке жақындаған сайын, ұлттың ұйытқылары мен қаймақтары сарқылып, бағаланбай барады. Хош делік. Заман түзелер, Жақсылар бағасын алар кез келер. Солардың қатарына адуынды ақын Ақсұңқар Ақынбабақызының есімі ойып тұрып орын алатынына сенімі кәміл. 

Ақынның шығармашылық кешініе қолдау көрсеткен Қазақстан Жазушылар Одағына алғыс. Ақсұңқардың өнерін бағалайтын азаматтардың арқасында Алматы төрінде "Алтай-Алатау арасы" шығармашылық кеші ойдағыдай өтті. Бұл туралы ақынның өзі былай дейді "Шығармашылық  адамының   ел алдына шығуы- мемлекеттің де, ағайын, ел-жұрт, дос -жаранның да қолдауынсыз мүмкін емес қазіргі уақытта. Менің де осы " Алтай -Алатау арасы" шығармашылық кешімнің ойдағыдай, сәтті  өтуіне  осы тұрғыда жан - жақты қолдау болды. Бұл ретте,  маған рухани -материалдық қолдау көрсеткен қарапайым ел-жұртым,  ағайын-туыс,  достарыма алғысым шексіз.   Атап айтқанда, Saule Turkiya, Botagoz Uatkan , Omaraly Adilbekuly , Мерей Сіләмұлы, Оразбек Базарбайұлы, туған өлкем Бұлғындық  ағайын-туыс, жерлестерім, сондай -ақ,  Астана жақтағы бір қауым  ағайынға , ағайынның аманатын арнайы келіп жеткізген Бахытбол Беримбай ,  Қарағандыдан арнайы келіп ат атап, медаль таққан бауырларымыз Жанибек Женисбек ,   Жанарбек Мамбар секілді азаматтарға  рақметімді айтамын.

Айта кетерлігі, менің бұл кешімде төрт бірдей судай жаңа әннің тұсауы кесілсе, оның екеуін өзім орындадым. Айтулы композитор ағамыз Бейбіт Оралұлы ның екі әні "Мен оралдым"(бұл ән  менің тапсырысыммен жазылған) және   "Мәңгілік ел" әндері, ғажайып сазгер Ясира Заханқызы ның менің тапсырысыммен арнайы жазып берген "Бәрі жақсы болады!"әні, Аман Сандибаев тың ерекше жанрдағы музыкалық поэмасы "Түркістаным -Тұраным" туындысы (орындаған "Дос Мұқасан тобының әншісі Айбек Мухаметалиев ) көрерменнің ерекше ықыласына ие болды.

...Сахнада әкеме арнаған өлеңімді өзімді барынша ұстап, эмоцияға берілмей оқығаныммен, анама арнаған өлеңімді оқығанымда көз жасымды тия алмадым, бүкіл зал менімен қоса жылады-ау... Әттең, осындай бір  қуанышты сәтіме әке - шешем куә болғанда ғой деген бір өксік күрсінте бергенімен, өзімнің жалғыз емес екенімді сезіндірген,  менімен басынан соңына дейін бірге болған жақсы адамдар аман болсын, ізгі ниет, игі істердің басы - қасынан бірге табыла берейік дегім келеді. 

Жиналған көпшілік көрерменнің тарапынан да ыстық ықылас, қошемет сезініп, тәуба дедім. 

Жалпы, барлық адам менің халық алдына шығуымды күтіп жүргендей ғажап бір әсерде болғаным да бар...Кеш бастала парақшаларында ақпарат тарата бастаған достарым, сыйлас, ниеттес жандар кеш соңынан да жаппай пост жазып жатты... Әр жақтан байғазы жолдап жатқан барша тілектес ағайынға да рақмет!  Жүрегімдегі ризалығымды бердім❤❤❤.  Шүкір!" . Бізде өз тарапымыздан ақын Ақсұңқарға қанатың талмай жазарын көп болсын демекпіз. Бір бірімізді қолдап жүрейік ағайын!

Асылбек Байжұмаұлы