Түрмеде отырған марафоншы, белсенді, "Алға, Қазақстан!" партиясын тіркеу жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Марат Жыланбаев аштық жариялағаны хабарланды
18 қарашада белсендімен адвокаты Мейіржан Досқараев кездескен. Адвокаттың айтуынша, марафоншы соттың өзіне шығарған шешіміне наразылық білдіріп, 13 қарашада мерзімсіз аштық акциясын бастаған.
Жыланбаев түрмедегі санитария жағдайы нашар, тамақ дұрыс берілмейді және адвокаты мен достарына қоңырау шалуға мүмкіндік жоқ деп те шағымданған.
Азаттық түрме әкімшілігінен бұл ақпаратты растай алмады. Ақмола облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №4 мекемесі пікір бермеді. Азаттық мекемеге арнайы сауал жолдады.
"Марат өзін [тіркелмеген] оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының лидері болғаны үшін ғана заңсыз соттады деп санайды. Ол 15 қарашадан бері тәртіптік оқшаулау камерасында отыр" деді адвокат Досқараев.