30.05.2026. АСТАНА. Munarmedia.kz – Алматы қаласының тұрғыны Семён күн сайын ешқандай ақы мен марапат күтпестен көшелерді қоқыстан тазалап, қала тазалығына өз үлесін қосып келеді. Бұл туралы CMN.KZ порталы хабарлады.
Қоғамдық бастаманы қолға алған ерікті бірнеше сағатын қала көшелерін тазартуға арнайды. Оның айтуынша, тазалыққа деген құрмет пен жауапкершілік әр адамның мәдениетінің көрінісі болуы тиіс.
«Мен тазалық пен тәртіпті шын жүректен жақсы көремін. Мен үшін тазалық – жай ғана жұмыс емес, қоршаған әлемге деген көзқарас. Егер адам қоқысты өз аяғының астына тастайтын болса, бұл мәдениет пен құрмет мәселесі», – дейді Семён.
Еріктінің сөзінше, өзі тазалаған көшелермен қайта жүріп өткен сайын еңбегінің нәтижесін көріп, сүйікті қаласының бұрынғыдан да көркейе түскеніне қуанады.
Сарапшылар мұндай азаматтық белсенділік қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға ынталандыратынын атап өтеді.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау мен тазалық мәдениетін насихаттауға бағытталған еріктілік қозғалыстары мен экологиялық акциялар саны артып келеді.
#Алматы #Ерікті #Тазалық #Экология #Қоғам #ЕріктілерҚозғалысы #ТазаҚазақстан #Munarmedia