Көкпар кезінде аттан құлаған 13 жастағы жасөспірім көз жұмды

69


30.05.2026. АСТАНА. Munarmedia.kz – Көкпар ойыны кезінде аттан құлап, ауыр жарақат алған 13 жастағы жасөспірім ауруханаға жетпей қайтыс болды. Бұл туралы CMN.KZ және Liter.kz деректеріне сілтеме жасаған жергілікті БАҚ хабарлады.

Қайғылы оқиға 26 мамыр күні Ақмола облысы Рахымжан Қошқарбаев ауылында болған. Мәліметке сәйкес, 8-сынып оқушысы ойын барысында аттан құлап, ауыр жарақат алған.

Жарақат алған жасөспірімді медициналық мекемеге жеткізуге әрекет жасалғанымен, ол жолда көз жұмған.

Оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғап, кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігіне кім жауап бергенін анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.

Әр түрлі ведомстволар оқиғаның мән-жайына қатысты әрқилы түсініктемелер берген. Аудан әкімдігінің мәліметінше, аталған ойын жергілікті атқарушы органдармен ресми түрде келісілмеген.

Ал облыстық білім басқармасы оқиғаның балалардың сабақтан тыс уақытында болғанын, олардың ашық алаңда атқа мінгенін хабарлады.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұл ауылдағы көкпар секциясы олардың құзыретіне кірмейтінін, мемлекеттік спорт мектептерінің филиалдары жоқ екенін атап өтті.

Құзырлы орган өкілдері бұл жағдай жергілікті деңгейде ұйымдастырылған бейресми жаттығу болуы мүмкін екенін де жоққа шығармай отыр.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Полиция оқиғаны ұйымдастырған тұлғалар мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын жан-жақты тексеретінін мәлімдеді.

#Көкпар #ҚайғылыОқиға #БалаларҚауіпсіздігі #АтСпорты #АқмолаОблысы #ҚұқықҚорғау #Munarmedia