Munarmedia.kz.08.11.2026.ASTANA-Австрияның Альгой Альпісіндегі Шварцмильцфернер (Schwarzmilzferner) мұздығы 2026 жылғы аптап ыстық жаздан кейін ресми түрде мұздық мәртебесінен айырылды. Бірнеше айдың ішінде оның қалыңдығы төрт метрден астам азайып, жалпы көлемінің шамамен жартысы еріп кеткен. Ең бастысы, мұз массасы қозғалуын тоқтатқан. Ал мұздықтың қозғалысы — оның негізгі белгілерінің бірі.
Бавария ғылым академиясының гляциологі Кристоф Майер бұл мұздықты 26 жылдан бері бақылап келеді. Ғалымның болжамынша, келесі жаздан кейін Шварцмильцфернер толығымен жойылып кетуі мүмкін.
2022 жылдан бері мұздықтың еру қарқыны күрт үдеген. Қыста жауған қалың қардың өзі жаздағы аптап ыстық кезінде жоғалған мұздың орнын толтыра алмай отыр.
Ғалым Шығыс Альпі аймағындағы мұздықтар 2060–2070 жылдарға қарай толығымен жойылуы мүмкін екенін ескертеді. Қазірдің өзінде өңірдегі бірнеше шағын мұздық жыл сайын жоғалып жатыр.
Мұндай қауіп Германиядағы соңғы төрт мұздыққа да төніп тұр. 2025 жылға қарай екі жылдың ішінде олардың жалпы аумағы төрттен бірінен астамға қысқарған. Зерттеушілердің есебінше, мұз көлемінің жоғалуы шамамен бір миллион текше метрге жеткен.
Мамандардың болжамынша, Блауайс (Blaueis) пен Вацманн (Watzmann) мұздықтары жақын арада мұздық мәртебесінен айырылуы мүмкін. Цугшпитце тауындағы Солтүстік Шнеефернер мұздығы осы онжылдықтың соңына дейін жойылуы ықтимал.
Ал Германиядағы мұздықтардың ішінде ең ұзақ сақталуы мүмкін Хёллентальфернерге (Höllentalferner) зерттеушілер ең көбі тағы он жыл уақыт береді.
Мұздықтардың жойылуы — тек табиғи ландшафттың өзгеруі емес. Бұл климаттың жылынуының нақты көрсеткіші әрі тау экожүйелеріндегі су қоры мен табиғи тепе-теңдікке төнген қауіп.
#Альпі #Мұздықтар #КлиматӨзгерісі #ЖаһандықЖылыну #Экология #Munarmedia