АЛТАЙДЫҢ АРҒЫ БЕТІНДЕГІ ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫНА КҮН ТУҒАНЫ МА?

137
Munarmedia.kz.14.09.2026.АСТАНА. Алтайдың арғы бетінде суық жел соғып тұр.
Ұлан-батырдан Монғолия Парламентінің депутаты Нарантуяа-Нараа есімді әйел маусым айынан бері Өлгейдегі аз қазаққа қатысты түрлі мәлімдемелер жасап, жазықсыз айыптап, жала жапты.
Ішкі жақтағы монғолдарда іліп әкетіп, қазақты әлемжеліде барынша кемсітті.
Қазақтарда қалыспады.
Қатын дауынан халық дауына айналды.
Парламенттегі бес қазақ та, билік органдары мен Президентте үндемеді.
Бұл жай ғана әлеуметтік желідегі айтыс емес.
Бұл – қазақ пен моңғолдың ғасырлар бойы бірге өмір сүріп келе жатқан қарым-қатынасына сызат түсіретін, ертеңі қалай болары белгісіз қауіпті құбылыс.
Соңғы айларда Баян-Өлгейде қазақтарға жергілікті моңғол этностары – ұранқай, тува, бурят және басқалар арасында қысым көрсетті деген жалған айыптар таралып, мән-жайды толық зерттмеген журналист, блогерлер мен олардың сөздеріне ергендер әлеуметтік желі арқылы ауыр сөздер айтылып, бірін-бірі айыптау күшейді.

Әңгіме енді тұрмыстық дау деңгейінен асып, ұлт, тіл, жер, тарих, қорым, мемлекеттік қызмет, тіпті Қазақстанның консулдығын ашу мәселесіне дейін жетті.
Мұндай жағдайда елдің саяси билігі отқа май құю емес, су құюы керек еді.
Бірақ соңғы оқиғалар қазақ қоғамын керісінше ойландырып отыр.
«Қазақтар күн көрсетпейді» деген айып қайдан шықты?
Маусым айынан бері Моңғолия парламентінің мүшесі Нарантуяа-Нарааның Баян-Өлгей қазақтарына қатысты түрлі мәлімдемелері қазақ арасында үлкен алаң туғызды деген ақпараттар таралды.

Әттеген-ай, бұларға не жетті деп онсызда ушығып тұрған мәселеге от салмайық деп үндемедік.
Жеке мемлекет өзінің дінаралық, ұлтаралық мәселесін өздері шешіп алар деп араласпадық.
Қазақтар жергілікті басқа этностарға қысым көрсетеді, күн көрсетпейді деген мазмұндағы айыптаулар айтылуда.

Қазақстан консулдығын ашуға қарсылық білдіру де осы пікірталастың бір бөлігіне айналды.
Егер біреу нақты қылмыс жасалса – дәлел келтірілсін.
Егер нақты құқық бұзушылық болса – заң бойынша жауап берілсін.
Бірақ тұтас бір халықты айыптау – мүлде басқа нәрсе.
Жеке адамның әрекеті үшін халықты кінәлау – саясат емес, арандату.
Бүгін әлеуметтік желіде қазақ пен моңғол бірін-бірі балағаттап отыр.
Ертең ше?
Бір-біріне сенуден қалса ше?
Бұған кім жауап береді?
Қорымға дейін жеткен дау
Ең ауыр мәселе – дау ушығып, тірілер тұрмақ өлілердің мекенң қазақтардың ата-баба қорымдарына дейін жеткені.
Қазақ үшін қорым – жай ғана бірнеше шаршы метр жер емес.
Ол – ата-баба рухы.
Ол – тарих.
Ол – жеті атаның ізі қалған мекен.
Ол – ұрпақ пен ұрпақты жалғайтын үнсіз шежіре.

Сондықтан қорымға қатысты кез келген мәселе өте үлкен сезімталдықпен қаралуы тиіс еді.
Ал қазір қазақтардың жерлеу орындары, кесене тұрғызу, жер пайдалану тәртібі туралы әңгіме өршіп барады.
Әрине, мемлекет жерді заңмен реттеуге құқылы.
Бірақ заңды қолдану мен халықтың тарихи жадын таптау – екі бөлек нәрсе.
Егер мәселе заңсыз жерлеуде болса – оны заңмен реттеуге болар.
Егер мәселе табиғатты қорғауда болса – заң бәріне бірдей қолданылсын.
Бірақ қазақтың қорымына келгенде бір өлшем, басқа этносқа келгенде басқа өлшем болмауы керек.

Жер-су атауы үшін күрес – карта үшін емес, тарих үшін күрес
Таулардың, өзендердің, жерлердің атауына қатысты дау да күшейіп отыр.
Қазақша атаулар өзгертіле ме?
Қайта атау заңды ма?
Бұл атаулардың тарихи негізі бар ма?
Мұның бәрі ашық талқылануы тиіс.
Өйткені жер-су атауын өзгерту – бір сөзді өзгерту емес.
Ол – халықтың тарихи жадындағы бір бетті өшіру.
Кез келген мемлекеттің аумағында атаулар заңмен реттелетіні түсінікті.
Бірақ заңның өзі тарихты жоққа шығармауы керек.

Егер қазақ ғасырлар бойы белгілі бір тауды қазақша атап келсе, оны «сен енді бұл жерде жоқсың» дегендей өзгерту – қарапайым әкімшілік шешім емес.
Мысалы Өлгейдегі биік тау монғол тілінде "Бөхөн" болса қазақтар оны Бөкентау деп атап келді. Не өзгерді? Мұнда қандай саяси салмақ болуы мүмкін.
Занғардың кетуі де кездейсоқ па?
Баян-Өлгей аймағының әкімі Занғар Есентайдың қызметтен кетуі де қоғам назарынан тыс қалмады.
Оның қызметтен кетуіне байланысты түрлі болжамдар айтылуда.
Оған халықты әлеуметтік қорғау министрі Әубәкірдің Тілейханның қатысы бар деседі.
Бұл туралы Заңғар мырза өзі де жазып еді.
Монғол билігіне жағымпазданамын, Өлгейге билігімді нығайтам деп бүкіл елге зиянын тигізіп алған жоқ пв? Әубакір министр?
Әубәкір бастаған топ этносаралық мәселелерді билік құралдары арқылы пайдаланып, әкімді қызметтен кетіруге ықпал жасалды деген пікірлер де бар.
Бұл – әзірге дәлелденуі тиіс ақпарат.

Егер әкім өз қызметін заң аясында атқарып келсе, оның кетуіне не себеп болды?
Премьер-министр неге ондай асығыс саяси шешім қабылдады?
Баян-Өлгей халқы бұл сұрақтарға жауап алуға құқылы.
Өйткені мемлекеттік қызметтегі кадрлық шешімдер жабық болған сайын, оның айналасында қауесет көбейеді.
Тіл мәселесі – ертеңгі ең үлкен сынақ
Ал бүгінгі Президенттің Баян-Өлгейдегі тапсырмаларына келейік.
Хүрэлсүх мырза әр азамат моңғол тілін білуі керек екенін айтты.
Мемлекеттік тілдің болуы – кез келген мемлекет үшін табиғи талап.
Бірақ Баян-Өлгейдегі қазақтың қорқынышы басқа жерде.
Бұл талап қазақ тіліндегі мектептердің тағдырына әсер етпей ме?
Қазақ тіліндегі білім беру кеңістігі тарылмай ма?
Қазақша оқулықтар, мұғалімдер, мәдениет мекемелері қысқармай ма?
Қазақ баласы өз ана тілін үйренуге мүмкіндігін жоғалтпай ма?
Бүгін бұл сұрақтарға ешкім нақты жауап бере алмайды.
Бірақ алаңдауға негіз бар.
Өйткені тарих көрсеткендей, тілге қысым бір күнде жасалмайды.
Алдымен «мемлекеттік тіл керек» дейді.
Сосын «бәрі бір тілде оқысын» дейді.
Кейін «ұлттық мектептің қажеті қанша?» деген сұрақ пайда болады.
Соңында азшылықтың ана тілі тек үйдің ішінде қалуы мүмкін.
Баян-Өлгей қазақтары дәл осыдан қауіптенеді.
«Тыныш отыр» деген саясат ұзаққа бармайды
Президенттің ұлттық бірлікке қатысты тапсырмасы да назар аудартады.
Ұлтаралық араздық тудыратын сөздер мен әрекеттерді тоқтату керек.
Әрине, бұл дұрыс.
Қазақ та моңғолды, монғолда қазақты балағаттамауы керек.
Ұранқай, тува, бурят та бір-біріне жау емес.
Бірақ бір нәрсені ұмытпау керек:
Ұлттық бірлік – үнсіздік емес.
Адам өз тілін қорғап, тарихын айтып, мәдениетін сақтауды талап етсе – ол мемлекетке қарсы шыққаны емес.

Өз құқығын талап ету – араздық емес.
Әділет сұрау – бүлік емес.
Ал «тыныш отыр, сен мемлекетке қарсы шықпа» деген түсінік ұлттық бірлікті емес, қорқынышты қалыптастырады.
Ал Шыңғыс ханның бейнесі ше?
Президенттің Баян-Өлгей сапарының символдық жағына да тоқталмай болмайды.
Кеше ғана Қобда аймағында костюм-шалбар киіп, ресми кездесулер өткізген Хүрэлсүх мырзаның қазақтар мекендейтін Баян-Өлгейге келгенде Шыңғыс хан стиліндегі киіммен көрінуі және таудағы алып тас бейнені ашу рәсіміне қатысуы – саяси символ ретінде қабылдануы мүмкін.
Әрине, Моңғолия үшін Шыңғыс хан – мемлекеттіліктің аса маңызды тарихи символы.
Оны ешкім жоққа шығармайды.
Бірақ саясатта символдың орны бөлек.
Билік қазақтар шоғырланған аймаққа Шыңғыс қағанның бейнесінде келуі қандай белгі береді?
«Біз бір мемлекетпіз» деген белгі ме?
Әлде «Бұл жердің түпкі иесі кім екенін ұмытпаңдар» деген белгі ме?
Әр адам оны әртүрлі қабылдауы мүмкін.
Бірақ қазақ қоғамында бұл көріністің психологиялық әсері боларын жоққа шығаруға болмайды.
Жалпы тарихта Шыңғыс ханның шын бейнесі жоқ.
Қазіргі еуропалықтар мен қытайлар сызып берген Шыңғыс хан мүлдем мұндай емес екенін бәрі біледі.
Ең қауіптісі – «моңғолдандыру» күдігі
Президенттің бүгінгі алты тапсырмасын жеке-жеке қарасаңыз, олардың әрқайсысын заңдылықпен түсіндіруге болады.
Бірақ бәрін қосып қарағанда қазақ қоғамында бір сұрақ пайда болады:
Баян-Өлгейде жаңа саяси кезең басталды ма?
1.Моңғол тілін күшейту.
2.Жер-су атауларын бақылау.
3.Қорымдарды реттеу.
4.Ескерткіштер мен кесенелерге шектеу қою
5. Мемлекеттік қызметке қойылатын талаптарды қайта қарау.
6. Ұлттық қауіпсіздік органдарына нақты тапсырма беруі.
Бұлардың барлығы заң шеңберінде жасалса – мәселе жоқ.
Бірақ осы тетіктердің барлығы қазақ ұлтының қоғамдық кеңістігін тарылтуға бағытталса, онда жағдай мүлде басқа арнаға түседі.
Сондықтан қазақтардың «Баян-Өлгейде моңғолдандыру саясаты басталуы мүмкін» деген күдігін билік жай ғана жоққа шығармай, оған нақты кепілдікпен жауап беруі керек.
Қазақтар – Моңғолияның жауы емес
Мұны анық айту керек.
Баян-Өлгейдегі қазақтар Моңғолияның жауы емес.
Олар – Моңғолия азаматтары.
Олар салық төлейді.
Ел экономикасына үлес қосады.
Әскерде қызмет етеді.
Мемлекеттік қызметте жұмыс істейді.
Моңғолияның шекарасын қорғайды.
Осы мемлекеттің болашағына өз еңбегімен үлес қосып келеді.
Олардан өз елін сүю үшін моңғол болуды талап ету қажет емес.
Қазақ болып Моңғолияға адал азамат болуға болады.
Бұл екеуі бір-біріне қайшы емес.
Қазақстан да қарап отырмауы керек
Ал Қазақстанның жағдайы одан да күрделі.
Біз Баян-Өлгейдегі қазақтарға «Қазақстан сендердің Отандарың»
дейміз.
Бірақ олардың көшуіне келгенде түрлі кедергілер бар.
Қандастарды елге қабылдау мәселесінде жаңа талаптар, шектеулер мен пилоттық жобалар туралы әңгімелер айтылуда.
Сонда Алтайдың арғы бетіндегі қазақ қайда қалады?
Моңғолияда қалса – ұлттық болмысына алаңдайды.
Қазақстанға келсе – қабылдануынан алаңдайды.
Екі мемлекеттің арасында туған қазақтың тағдыры кімге керек?
Бұл сұраққа Қазақстан да жауап беруі тиіс.
Қандас мәселесін тек статистикаға айналдыруға болмайды.
Қазақтың шетелдегі тағдыры – Қазақстанның моральдық жауапкершілігі.
Бірақ Қазақстан да бір нәрсені түсінуі керек
Баян-Өлгейдегі қазақтарды Қазақстандағы саяси күштердің құралына айналдыруға болмайды.
Моңғолияның ішкі саясатына дөрекі араласуға болмайды.
Моңғол халқына қарсы ұлтшылдық ұран таратуға болмайды.
Өйткені бұл ең алдымен Баян-Өлгей қазақтарының өзіне зиян.
Қазақстанның міндеті – арандату емес.
Дипломатия, мәдени байланыс, білім, гуманитарлық қолдау, қазақ тілін, әдебиетін, тарихын сақтау.
Заңды құқықтарды қорғауға дипломатиялық ықпал жасау.
Міне, өркениетті мемлекеттің саясаты осындай болуы керек.
Екі халықтың жауы – қазақ та, моңғол да емес
Бүгін әлеуметтік желіде қазақ пен моңғол бірін-бірі боқтап жатыр.
Бұл – өте қауіпті.
Бір ғасыр бұрынғы тарихты бүгінгі адамның мойнына ілу – ақымақтық.
Бір адамның сөзі үшін тұтас халықты жек көру – надандық.
Ал Нараа сынды және оны қолдаушылардың, монғол азаматтарының ұлтқа қатысты кемсітуге арналған нәзік сезімді пайдалануы – одан да қауіпті.
Қазақ пен моңғолды бір-біріне қарсы қоюдан халық ұтпайды. Саяси ұпай іздегендер ғана ұтады.
Сондықтан Баян-Өлгейдегі жағдайға қазірден бастап салқын ақылмен қарау керек.
Қазақ та заңды сақтауы тиіс.
Моңғол да заңды сақтауы тиіс.
Бірақ заң бәріне бірдей болуы керек.
Баян-Өлгей – сынақ алаңына айналды.
Меніңше, бүгінгі жағдайды тек қазақ мәселесі деп қарау дұрыс емес.
Бұл – Моңғолияның демократиясына, құқықтық мемлекет принципіне және азшылықтардың құқықтарына жасалған сынақ.
Егер Моңғолия қазақтарға «Сендер – біздің азаматтарсыңдар. Ана тілдеріңді сақтаңдар.
Моңғол тілін де үйреніңдер. Заңды сақтаңдар.
Мемлекеттік қызметке білімдеріңмен келіңдер.
Ұлтаралық араздыққа жол бермеңдер» десе – бұл әділетті саясат.
Ал егер «Сендер азшылықсыңдар. Үндемеңдер. Тілдеріңді үйде ғана қолданыңдар. Тарихтарыңды өздеріңмен бірге алып жүріңдер. Билікке араласпаңдар» деген кезең басталса – онда бұл басқа әңгіме.
Мұндай саясат ешқашан ұзақ мерзімді тұрақтылық әкелмейді.
Алтайдың арғы бетіндегі қазаққа тілектес ел бар ма?
Бүгін мені ең қатты алаңдататыны – осы.
Алтайдың арғы бетіндегі қазақ өзінің тарихи мекенінде өмір сүріп отыр.
Ол жерге кеше келген жоқ.
Ол жердің тарихында қазақтың ізі бар.
Ол жерде қазақтың қорымы бар.
Қазақтың мектебі бар.
Қазақтың әдебиеті бар.
Қазақтың әні бар.
Қазақтың шежіресі бар.
Қазақтың баласы бар.
Қазақтың қаны бар.
Ең бастысы – қазақтың жүрегі бар.
Сондықтан бұл халықты біреуге қарсы қоюға да, біреудің саяси ойынына құрбан етуге де болмайды.
Баян-Өлгейдегі қазаққа бүгін ең алдымен тыныштық, сабырлық пен салқынқандылық, береке, бірлік керек.
Заңның бәріне бірдей болғаны жақсы.
Өз тілін сақтауға мүмкіндік жасау керек.
Өз тарихын айтуға құқық пен білім керек.
Өз елінің толыққанды азаматы ретінде өмір сүруге кепілдік керек.
Ал Қазақстан –шеттегі қазаққа ұранмен емес, нақты саясатпен қолдау көрсетуі керек.
Алтайдың арғы бетіндегі қазақтың басына күн тумауы керек.
Торғай екеш торғайда өз балапанын қорғайды.
Бейбіт заман болсын
Қайта сол қазақ «Мен қазақпын. Мен Моңғолияның азаматымын. Мен өз елімді сүйемін.
Мен өз тілімді де, мәдениетімді де сақтаймын.
Менің құқығым да, болашағым да бар» деп еркін айта алатын күн тууы керек.
Қазақтың тілегі – Моңғолияның әлсіреуі емес.
Қазақтың тілегі – Моңғолияныңтыныштығы.
Моңғолияның тілегі де – қазақтың жойылуы емес, елдің бірлігі болуы тиіс.
Алтайдың арғы бетіндегі қазағым аман болсын.
Өйткені қазақтың бір баласының көзіндегі жас – Қазақстанның да, Моңғолияның да, адамзаттың да абыройына сын.
Баяжума Асылбек
Саяси сарапшы