Жасанды интеллектке байланысты алаңдаушылық күшейді: технологиялық компаниялар акциясы құлдырады

65

Munarmedia.15.09.2026.ASTANA.Жасанды интеллект саласындағы жетекші компания басшылары технологияның даму қарқынын баяулатуға шақырғаннан кейін әлемдік технологиялық нарықта алаңдаушылық күшейді.

Reuters мәліметінше, Anthropic компаниясының басшысы Дарио Амодеи жасанды интеллект модельдерінің мүмкіндіктерін арттыру қарқынын бәсеңдетуге шақырған. Оның пікірін OpenAI басшысы Сэм Альтман мен xAI компаниясын басқаратын Илон Маск та қолдаған.

Бұл мәлімдемелерден кейін технологиялық компаниялардың акцияларына қысым күшейді. АҚШ-та чип өндірушілерінің акциялары айтарлықтай арзандап, Филадельфия қор биржасының жартылай өткізгіштер индексі бір күнде 5,9 пайызға төмендеді.

Жасанды интеллект нарығындағы өзгерістер Үндістанға да әсер етті. Елдің ақпараттық технологиялар компанияларының акциялары 15 қыркүйекте қайта қымбаттай бастады. Reuters мәліметінше, Үндістанның IT индексі бір сәтте 5,2 пайызға өскен.

Соңғы уақытта инвесторлар жасанды интеллект технологияларына салынған орасан зор қаржының қайтарымына қатысты сұрақ қоя бастады. Халықаралық есеп айырысу банкі де әлемдік қор нарықтарындағы AI серпінінің осал тұстары байқала бастағанын мәлімдеді.

Мәселенің екінші жағы – қауіпсіздік. Жасанды интеллект мүмкіндіктері артқан сайын оны теріс мақсатта пайдалану тәуекелі де күшейіп келеді.

Сондықтан технологиялық компаниялар алдында енді тек жаңа әрі қуатты модель жасау емес, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті де тұр.