Мемлекеттің байлығы – шенеуніктің қалтасы емес!

36


Munarmedia.kz.13.11.2026 .АСТАНА-«Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік Кеңесінде жасаған мәлімдемесі қоғам үшін маңызды саяси сигнал болды.

Мемлекет басшысы бір нәрсені анық айтты: ешкім заңнан жоғары тұрмайды. Қызметіне, атақ-абыройына, танысына немесе туыстық байланысына қарамастан, заң бұзған адам жауап беруі керек.

Бұл – қолдауға тұрарлық ұстаным.

Өйткені мемлекеттік компаниялардағы жемқорлық – жекелеген басшылардың ғана мәселесі емес. Бұл – бүкіл елдің экономикасына, халықтың тұрмысына және мемлекеттің болашағына төнген қауіп.

Миллиардтаған қаржының қайда кеткенін білмей отырған кезде ауылдағы жолдың сапасыз салынуы, мектеп құрылысының созылуы, ауруханалардың қажетті жабдықсыз қалуы халықтың ашу-ызасын туғызбай қоймайды.

Біреулер мемлекеттік қызметке елге қызмет ету үшін келеді. Ал енді біреулер сол қызметті жеке баюдың құралына айналдырғысы келеді. Мемлекеттің ең үлкен проблемаларының бірі – осы.

Президент келтірген дерекке сүйенсек, 2023–2025 жылдары 3168 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық анықталған. Биылғы жылдың алғашқы он айында тағы 751 құқық бұзушылық тіркелген.

Бұл – ойланатын жағдай.

Бас прокуратура мемлекетке 1,3 триллион теңгеден астам заңсыз активті қайтарған. Оның есебінен жүздеген әлеуметтік нысан салынып жатыр. Енді сол құрылыстардың сапасы да қатаң тексерілуі керек.

Өйткені мемлекет қаржы бөлгенімен, оның игілігін халық көрмесе, мұндай жұмыстың кімге қажеті бар?

Президенттің «Заң мен тәртіп» саясатының мәні де осында. Заң қарапайым азаматқа да, министрге де, ұлттық компанияның басшысына да бірдей жүруі тиіс.

Бірақ бір нәрсені ұмытпайық: жемқорлықпен күрес тек ұсталған адамдармен аяқталмауы керек. Жемқорлыққа мүмкіндік беретін жүйенің өзі өзгеруі қажет. Мемлекеттік сатып алулар ашық болсын, әрбір теңгенің есебі берілсін, сапасыз құрылысқа жауаптылар жазалансын.

Бізге әдемі есеп емес, нақты нәтиже керек.

Қазақстанның байлығы – жекелеген адамдардың меншігі емес. Ол – халықтың ортақ қазынасы. Оған қол салған адам кім болса да заң алдында жауап беруі керек.

Мемлекеттің ақшасын жымқыру – халықтың несібесін ұрлау. Ал халықтың несібесін ұрлағандарға ешқандай кешірім болмауы тиіс!

Баяжума Асылбек

саяси сарапшы, журналист

#ЗаңМенТәртіп #ӘділеттіҚазақстан #ЖемқорлықпенКүрес #Қазақстан #МемлекеттікҚаржы #Тоқаев