Балқаш АЭС-і халықтың ауызсуын пайдаланбайды – Су ресурстары министрлігі

71

Munarmedia.kz-13.11.2026ж/Астана/-Қазақстанда салынуы жоспарланған Балқаш атом электр станциясының жұмысына көл суы пайдаланылмақ. Ал жақын маңдағы елді мекендердің ауызсуы жер астындағы су көздерінен алынатындықтан, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге тапшылық туындамайды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі мәлімдеді.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Су шаруашылығы құрылыстарын дамыту департаментінің директоры Сағи Үтілов болашақ АЭС-тің су пайдалану тәртібіне түсініктеме берді.

Оның айтуынша, Балқаш көлінің маңындағы аудандардың тұрғындары ауызсуды жер асты көздерінен алады. Ал атом электр станциясына қажетті су тікелей Балқаш көлінен тартылмақ.

Министрлік өкілінің пікірінше, осыған байланысты АЭС құрылысы жергілікті тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етуге қауіп төндірмейді.

Сонымен қатар ведомство Балқаш көлін қоректендіретін Іле өзенінің арнасын тазарту жобаларын жүзеге асырып жатыр.

Балқаш АЭС-і қай жерде салынады?

Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылының маңында, Балқаш көлінің жағалауында салу жоспарланған.

Жобаны Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы жетекшілік ететін халықаралық консорциум жүзеге асырады.

2025 жылдың тамызында болашақ станция аумағында алғашқы барлау ұңғымаларын бұрғылау жұмыстары басталды.

Алдын ала жоспар бойынша атом электр станциясын 2035 жылға қарай пайдалануға беру көзделіп отыр.

#Балқаш #АЭС #АтомЭнергетикасы #Қазақстан #АуызСу #Экология #СуРесурстары