Munarmedia.kz. 11.09.2026. ASTANA. Алжир билігі Біріккен Араб Әмірліктерімен дипломатиялық қарым-қатынасты тоқтатты. Ел Сыртқы істер министрлігі бұл шешімге БАӘ тарапынан жасалған бірнеше «арандатушылық және дұшпандық әрекет» себеп болғанын мәлімдеді.
Алжир билігінің айтуынша, БАӘ-нің әрекеттері бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, енді қабылдауға болмайтын деңгейге жеткен. Ресми Алжир екі ел арасындағы байланысты сақтап қалудың барлық мүмкіндігі таусылғанын атап өтті.
БАӘ елшісі Алжир Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, елден кету үшін 48 сағат уақыт берілді. Сонымен қатар Алжир БАӘ-де тіркелген азаматтық және әскери ұшақтарға әуе кеңістігін жапты.
Дегенмен екі ел арасындағы коммерциялық рейстерге бұл шектеу әзірге қолданылмайды. Қолданыстағы әуе қатынасы туралы келісім 2026 жылдың соңына дейін күшінде болады.
Өз кезегінде БАӘ Сыртқы істер министрлігі Алжирдің шешімі уақытша болады деген үміт білдірді. Ведомство екі ел халықтары арасындағы байланыстарды сақтаудың маңызын атап өтті.
Алжир мен БАӘ арасындағы қатынас соңғы жылдары аймақтағы бірқатар мәселеге қатысты ұстанымдардың алшақтығынан шиеленісіп келген.
Саясат құбылмалы. Дегенмен алдағы уақытта экономикалық байланыстарды нығайту үшін қайта келіседі деп сенеміз.
#Алжир #БАӘ #Дипломатия #ХалықаралықҚатынас #СыртқыСаясат #ТаяуШығыс #Munarmedia