Монғолияның ақпарат алаңы Қазақстандағы саяси реформаны талқылауда

31


Munarmedia.kz. 11.09.2026. ASTANA. Қазақстанда билік транзиті басталды ма? Моңғолиялық сараптамада елдегі саяси өзгерістер талданды.

Моңғолияның Sonin.mn агенттігі Қазақстандағы соңғы саяси реформаларға сараптама жасап, елде билік транзитінің белгілері байқала бастады деген болжам ұсынды.

Материалда 2025 жылғы қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың парламент реформасын түбегейлі шешіп, бір палаталы парламент құру бастамасын көтергені атап өтіледі. Автордың пікірінше, осы мәлімдемеден кейінгі бір жылға жетпейтін уақытта Қазақстанның саяси және қоғамдық өмірінде бірқатар маңызды шешім қабылданған.

Ресми ұстаным бойынша, бұл өзгерістер «Жаңа Қазақстан» реформаларының жалғасы ретінде қарастырылады. Ал моңғолиялық сараптамада оған басқа қырынан баға беріліп, реформалармен қатар Қазақстанда биліктің келесі кезеңіне дайындық жүріп жатқан болуы мүмкін деген болжам айтылады.

Конституциялық реформа жаңа Конституция мәселесіне ұласты

Сараптамаға сәйкес, Президенттің парламент реформасына қатысты бастамасынан кейін арнайы жұмыс тобы құрылып, азаматтардың ұсыныстары жинақталған. Топ Конституцияға ауқымды өзгерістер енгізу қажеттігі туралы қорытынды ұсынған.

Кейін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жасақталып, қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияның басым бөлігіне өзгеріс енгізу мәселесін қарастырды. Комиссия отырыстары қысқа мерзім ішінде қарқынды өтіп, нәтижесінде жаңа Конституция қабылдау идеясы көтерілген.

Моңғолиялық автор бұл процестің өте жылдам жүргеніне назар аударады. Кейбір тәуелсіз зерттеушілер мұны асығыс шешім деп бағалағанымен, комиссия жаңа Конституцияны уақыт талабы ретінде түсіндірген.

Осылайша Қазақстандағы саяси өзгерістер парламент реформасы туралы бастамадан басталып, Конституциялық жүйені қайта қарау мәселесіне дейін жеткен.

Сараптаманың негізгі сауалы

Моңғолиялық басылым Қазақстандағы өзгерістерді тек институционалдық реформа ретінде емес, елдегі билік жүйесінің алдағы конфигурациясына әсер ететін ұзақмерзімді процесс ретінде қарастырады.

Алайда бұл — шетелдік автордың сараптамалық болжамы. Қазақстан билігі реформаларды мемлекетті жаңғырту, саяси жүйені жетілдіру және басқару институттарын қайта қалыптастыру үдерісі ретінде түсіндіреді.

Сондықтан Қазақстандағы қазіргі өзгерістерге қатысты басты мәселе — реформалардың түпкі нәтижесі қандай болатыны және олардың елдің саяси жүйесіне ұзақ мерзімде қалай әсер ететіні.

Қазақстанда өткен саяси процесстер әлем елдерінің назарын аударды. Алдағы уақытта Орталық Азия елдеріндегі саяси өзгерістерге әсері болуы мүмкін деседі, -сарапшылар.

#Қазақстан #ЖаңаҚазақстан #ҚасымЖомартТоқаев #СаясиРеформа #Конституция #Парламент #БилікТранзиті #Сараптама #Munarmedia