«Munarmedia.kz | 13.06.2026 | ASTANA» Қазақстанның саяси өмірінде соңғы жылдары көптеген өзгерістер орын алды. Конституциялық реформалар жүргізілді, Парламенттің құрылымы өзгертілді, жаңа партиялар пайда болды, ескі саяси институттар жаңаша атауларға ие болды.
Енді міне, елді отыз жылға жуық басқарған «Аманат» партиясының жаңа құрылған «Әділет» партиясына қосылуы туралы шешімі жарияланды.
Бір қарағанда бұл демократиялық жаңару мен саяси трансформация сияқты көрінуі мүмкін.
Бірақ мәселенің саяси астарына үңілсек, мұнда әлдеқайда күрделі сұрақтар туындайды.
Атауы өзгергенімен, жүйе өзгерді ме?
Қазақстандағы билік партиясының тарихына көз жүгіртсек, оның атауы бірнеше рет өзгерді.
«Отан", «Нұр Отан», «Аманат".
Халық үшін не өзгерді? Ештеңе!
Енді елді отыз жыл тоздыруға жол берген, ақыры "Қантарда" қан жоса боп таяқ жеген, жоғарғы басшысы кетуге мәжбүр болған, жемқорлық пен заңсыздықтың ордасына айналған құрылымның «Әділетке» қосылуы жүзеге асырылмақ.
Алайда атаулардың ауысуы міндетті түрде саяси мазмұнның өзгергенін білдірмейді.
Егер партияның кадрлық құрамы, басқару стилі, саяси мәдениеті және шешім қабылдау механизмі өзгермесе, онда бұл тек бренд ауыстыру болып қалуы мүмкін.
Саясаттануда мұндай құбылыс «саяси ребрендинг» деп аталады.
Халықтың сенімінен айырылған ұйым жаңа атаумен саяси кеңістікке қайта шығуға тырысады.
Тарихта мұндай жағдайлар аз болған жоқ.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін көптеген посткеңестік мемлекеттерде бұрынғы билік партиялары өз атауларын өзгертіп, жаңа саяси күш ретінде қайта тіркелді.
Ресейде КПСС элитасының едәуір бөлігі кейіннен басқа партиялар арқылы биліктегі ықпалын сақтап қалды.
Өзбекстанда да бірнеше рет партиялық трансформациялар жүзеге асырылды.
Алайда шынайы демократиялық елдерде партиялардың бірігуі көбіне жаңа идея мен жаңа бағдарламаның пайда болуына алып келеді.
Ал егер өзгеріс тек атаумен шектелсе, онда қоғам оны саяси технология ретінде қабылдайды.
Депутаттардың легитимдігі мәселесі
Егер Мәжіліс пен жергілікті мәслихат депутаттары «Аманаттың» атынан сайланып, кейін жаппай «Әділетке» өтетін болса сайлаушы сол баяғы "Аманатқа" дауыс берген боп шықпай ма?
Заң жүзінде депутаттардың мандаты сақталуы мүмкін.
Алайда жергілікті мәслихаттардың аманаттан сайланған депутаттары жұмысын жалғастыра бере ме?
Партиялары жоқ болса оларда кетпей ме?
Бірақ саяси мораль тұрғысынан мәселе әлдеқайда күрделі.
Халық белгілі бір партияның бағдарламасына сеніп дауыс береді. Сенім өте маңызды нәрсе.
Сенімге селкеу түсірген билік ұзаққа бармайды.
Аманатқа қиянат жасалды ма? Жасалды.
Халық сенді, сенімді ақтамады.
Аманат халыққа емес, билікке толыққанды жұмыс жасады.
Нәтижесі қандай?
Инфляция, бағаның өсуі, салық реформалары,айыппұлдардың көбеюі, тұрғындардың нақты табысының төмендеуі.
Сот, полиция саласындағы әділетсіздіктер, әскердегі әлімжеттік, қандастарға жасалған қиянат т.б мәселелер қоғамның әлеуметтік наразылығын тудыруда.
Негізі реформаны партияларды қосу мен атауын өзгерту емес, сот, заң жүйесінде нақты реформалар жасау керек еді.
Өкініішке орай, билік ол өзгерістерді жүзеге асыруға құлықсыздығын танытты.
Отыз бес жыл бойы жалғасқан қандастар көшін тоқтатты.
Ресей мен Украиннен қашқан азаматтарға тегін иин беріп, бауырсағы мен шайын беріп қарсы алды.
Бизнес пен банктің елеулі күші шетелдіктердің қолында қалды.
Табиғи байлық "инвесторлардың" табысына айналды.
Бұл мәселелердің басым бөлігі бойынша шешім қабылдаған парламенттік көпшілік дәл осы билік партиясының өкілдері яғни қазіргі Сенат пен Мәжіліс депутаттары..
Сондықтан қоғамдық пікірде «Аманат» атауы белгілі бір дәрежеде жауапкершілік символына айналып үлгерді.
Мұндай жағдайда жаңа атауға көшу саяси жауапкершіліктен қашу әрекеті ретінде де қабылданады.
Жаңа тұлғалар арқылы сенім жинау әрекеті
Өткен сайлауда қоғамға танымал Ринат Зайытов, Нартай Аралбайұлы, Мақсат Толықбай секілді азаматтардың партиялық тізімге енгізілуі кездейсоқ болған жоқ.
Олар қоғамдағы әділетсіздік мәселелерін көтеріп жүрген тұлғалар ретінде танылды.
Көптеген азаматтар дәл осы адамдарға сеніп дауыс берді.
Бірақ уақыт өте келе олардың жүйені өзгерту мүмкіндігі шектеулі екені байқалды.
Нәтижесінде қоғамның бір бөлігі өзін алданғандай сезіне бастады.
Бұл құбылыс тек Қазақстанға тән емес.
Көптеген елдерде билік партиялары қоғамдағы танымал тұлғаларды өз қатарына тартып, электоралдық қолдау жинауға тырысады.
Алайда нақты өзгеріс болмаса, мұндай тактика ұзақ мерзімде нәтиже бермейді.
Әділет жаңа саясат әкеле ала ма?
Партияның атауының өзі үлкен үміт тудырады. «Әділет» атауы жемқорлық пен бюрократизм, трайбализмнен шаршаған қоғам үшін ең маңызды құндылықтардың бірі.
Алайда әділет атауда емес, саяси тәжірибесінде мемлекет пен халық үшін бір тиында пайда әкелмеген балапан партия.
Халық пен билік мәмілеге келу арқылы да саяси партия жеңіске жетіп жатады.
Мысалы "Әділет" бүкіл халықтың несиесін кешіру реформасын жүргізуге уәде берсін.
Онда халық дауыс береді.
Бірақ уәдесінде тұруы керек.
Егер партия бұрынғы кадрлармен, бұрынғы басқару әдістерімен және бұрынғы саяси мәдениетпен жұмыс істесе, онда қоғам оның жаңа атауына емес, нақты әрекеттеріне қарай баға береді.
Сондықтан да қоғамды «Әділет» партиясы жаңа идеялардың алаңы бола ма?
Әлде биліктің бұрынғы саяси ресурстарының жаңа қаптамасы ғана бола ма? -деген сұрақ мазалайды.
Имитациялық реформалар қаупі
Соңғы жылдардағы көптеген өзгерістердің ортақ сипаты бар.
Атаулар өзгереді, құрылымдар өзгереді, лауазымдардың атауы өзгереді.
Бірақ саяси бәсеке деңгейі өзгермейді.
Егер партиялық жүйедегі өзгерістер шынайы саяси плюрализмге алып келмесе, онда қоғам оларды реформа емес, реформаның имитациясы ретінде қабылдайды.
Бұл билік пен қоғам арасындағы сенім дағдарысын одан әрі тереңдетуі мүмкін.
«Аманаттың» «Әділетке» қосылуы Қазақстан саясаты үшін маңызды оқиға ретінде БАҚ мен аманатшылдар насихат жүргізуде.
Алайда оның тарихи маңызы атаулардың өзгеруімен емес, нақты нәтижелерімен өлшенеді.
Мен өз басым жаңа партия бұрынғы саяси тәжірибені жалғастырып, биліктің өзін сақтап қалуының кезекті технологиясы ретінде бағалаймын.
Ал егер шынайы саяси бәсеке қалыптастырып, жауапкершілік мәдениетін енгізіп, азаматтардың сенімін қайтара алса, онда бұл өзгеріс Қазақстанның саяси тарихындағы маңызды бетбұрысқа айналады.
Бірақ күмән мен күдік көп...
Халық бұрынғыдай тек атауға емес, нақты нәтижеге қарайды.
Қоғам сауатты. Оны ақымақ санауға болмайды.
"Масылдар" т.б деп билік құрып тұрғанда халықты менсінбей,сайлау жақындағанда уақытша "халықшыл" бола қалатын түлкібұланға салғыш реформаторлар қазіргі әрекетімен қазақтың күні туып, жағдайы жақсарып, несие қамытынан құтылып, еркін, ашық қоғамда өмір сүреді деп елестетудің өзі қиын.
Екі ауыз сөзі үшін сотталып кеткнн қаншама боздақтың обалы кімнің мойнында?
Ойланатын кез келді....