Экокатастрофа: Ақмолада орман ауруға шалдығып қурауда

55

«Munarmedia.kz | 13.06.2026 | ASTANA»-Жақында Ақмола облысына ресми сапармен Қазақстанның Байтақ жасылдар партиясы төрағасы Азаматхан Әміртаев келген болатын.
Халықпен кездесу барысында Бұланды және Ақкөл аудандарының тұрғындары мен партия белсенділері маңызды экологиялық мәселе көтерді. Олардың айтуынша, өңірдегі қарағайлы ормандардың ағаштары сарғайып, қурап барады.
Бұл жекелеген учаскелердің ғана емес, тұтас орман алқаптарының тағдырына алаңдаушылық туғызған мәселе еді.

Аталған жағдаймен жеке танысқан партия төрағасы Бұланды ауданының Қараөзек ауылы маңындағы орман алқаптарын аралап көріп, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бейнеүндеу жолдады.

Партия көтерген мәселе жауапсыз қалған жоқ.
Экология министрлігінің тапсырмасымен Ақмола облыстық орман шаруашылығы инспекциясы, қоршаған ортаны қорғау басқармасы, экология департаменті және «Байтақ» партиясының Ақмола облыстық филиалының саяси кеңес мүшесі, эколог Болат Оспановтың қатысуымен арнайы комиссия құрылды.
11-12 маусым күндері комиссия Мало-Тюктин, Больше-Тюктин және Отрадный орман шаруашылықтарында орман-патологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мамандар тікұшақпен, автокөлікпен және жаяу аралап, орман алқаптарының жағдайын жан-жақты зерделеді.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Бұланды ауданындағы Отрадный орман шаруашылығында ғана зақымданған аумақ көлемі 40,3 гектарды құраған.
Мамандар ағаштардың қурауына топырақтың шамадан тыс ылғалдануы мен басқа да табиғи факторлардың әсер етуі мүмкін екенін айтуда.
Дегенмен, нақты қорытындыны арнайы зертханалық сараптамадан кейін орман патологиясы саласының ғалымдары шығарады.

Эколог Болат Оспановтың айтуынша, орманның әлсіреуі мен қурау ошақтары облыстың барлық орман шаруашылықтарында кездеседі.
Сондықтан мәселе тек бір ауданның ғана емес, тұтас өңірдің экологиялық қауіпсіздігіне қатысты болып отыр.
Орман – тек ағаш емес.
Ол – климаттың тұрақтылығы, таза ауа, су ресурстарының сақталуы және болашақ ұрпақтың экологиялық қауіпсіздігі.

Егер бүгін дабыл қағылмаса, ертең оның салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.
«Байтақ» партиясы көтерген бұл мәселе мемлекеттік органдардың назарын аударды.
Ендігі міндет – ғылыми қорытынды негізінде нақты шешімдер қабылдап, Ақмоланың жасыл байлығын сақтап қалу.
Партия үні әрдайым биік болуы тиіс.
Ал табиғатты қорғау – саясат емес, ұлт алдындағы ортақ жауапкершілік.