Munarmedia.kz.17.11.2026.ASTANA  Қазақстанда жылжымайтын мүлік нарығындағы риелторлардың қызметін реттейтін жаңа талаптар әзірленіп жатыр. Өз бетінше баспана тауып, бірақ қызметіне тапсырыс бермеген риелтордың комиссия төлеуді талап етуіне тап болған азаматтардың құқығын қорғау көзделген.

Бұл бағыттағы өзгерістерді Сауда және интеграция министрлігі, депутаттар мен жылжымайтын мүлік нарығының өкілдері бірлесіп дайындап жатыр.

Ұсынылып отырған жаңа нормаларға сәйкес:

  • Риелторлар өз қызметіне тапсырыс бермеген азаматтардан комиссия талап ете алмайды.
  • Келісімшартта қызмет құны, комиссия мөлшері, тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілуі тиіс.
  • Клиентке риелтордың кімнің мүддесін қорғайтыны және қандай қызмет үшін ақы алатыны алдын ала түсіндірілуі керек.
  • Риелторлардың кәсіби қызметіне міндетті талаптар енгізіледі.
  • Заңбұзушылыққа жол берген мамандарға қатысты кәсіби бірлестіктерге шағым түсіріп, тәртіптік шара қолдануға мүмкіндік беріледі.

Жаңа бастаманың негізгі мақсаты – тұрғын үй нарығындағы қызмет көрсету тәртібін ашық ету және тұтынушыларды негізсіз төлемдерден қорғау.

Алайда бұл өзгерістер әзірге әзірлену сатысында. Олардың нақты қалай жүзеге асатыны заңнамалық түзетулер қабылданғаннан кейін белгілі болады.

#Қазақстан #Риелтор #ЖылжымайтынМүлік #ТұрғынҮйНарығы #ТұтынушыҚұқығы #Заң #Munarmedia