Munarmedia.kz.17.11.2026.ASTANA
Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Ерікті түрде қамауға алу жөніндегі жұмыс тобы қазақстандық журналист Думан Мұхаммедкәрімнің түрмеде отырғанын негізсіз деп таныды. Халықаралық сарапшылар оның бостандығынан айырылуын журналистік қызметімен байланыстырып, дереу босатуға шақырған. Бұл туралы Қазақстанның Халықаралық адам құқықтары бюросы мәлімдеді.
Бюроның хабарлауынша, БҰҰ жұмыс тобы 2026 жылғы №18 қорытындысында журналистің өз кәсіби қызметіне байланысты қудаланғанын және оған әділ сот талқылауына қатысу құқығы толық қамтамасыз етілмегенін көрсеткен. Сарапшылар оның түрмеде де құқықтарының бұзылуы жалғасуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген.
Халықаралық сарапшылар Думан Мұхаммедкәрімнің қамауда ұсталуы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының сегіз бабына және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің алты бабына қайшы келеді деген қорытынды жасаған.
Журналист жеті жылға сотталған
Қазір Думан Мұхаммедкәрім Қызылорда облысындағы колонияда жазасын өтеп жатыр.
Журналист 2023 жылғы наурызда Мәжіліс сайлауының қорытындысына қарсылық білдіргеннен кейін ұсталған. Ал 2023 жылғы мамырда қайтадан қамауға алынып, оған «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйымға қатысу» баптары бойынша айып тағылған.
2024 жылғы 12 ақпанда Қонаев қаласында журналистің ісі бойынша сот басталды. Сол жылдың 2 тамызында сот оны жеті жылға бас бостандығынан айырды. Сот процесі жабық режимде өтті, оған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыстырылмады.
Мұхаммедкәрім тағылған айыптармен және сот үкімімен келіспейтінін айтып, өзіне тағылған кінәнің дәлелденбегенін мәлімдеген. Ол істің саяси астары бар деп санайды.
Журналистің денсаулығына қатысты алаңдаушылық
Бұған дейін журналистің адвокаттары оның денсаулығының нашарлауына байланысты бірнеше рет дабыл қаққан. Қорғаушылар оның жағдайын «аса қауіпті» деп бағалап, билікке үндеу жасаған.
Ал Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) сотталған азаматтың денсаулығы дәрігерлердің тұрақты бақылауында екенін, медициналық тексерулерден өтіп жатқанын хабарлаған. Комитет ауыр сырқат белгілері анықталмағанын және өміріне қауіп жоқ екенін мәлімдеген. Сондай-ақ журналистің камерасына белгісіз зат лақтырылғаны туралы ақпаратты тексеріп, бұл дерек расталмағанын айтқан.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Думан Мұхаммедкәрімді босатуға бұған дейін де бірнеше рет шақырған.
БҰҰ жұмыс тобының жаңа қорытындысы журналистің ісін халықаралық деңгейде қайта көтеріп отыр. Ендігі мәселе – Қазақстан билігінің халықаралық сарапшылардың оны дереу босату туралы үндеуіне қалай жауап беретіні.
Дереккөз: KazTAG, Қазақстанның Халықаралық адам құқықтары бюросы.
Фото: ашық дереккөздерден.
#ДуманМұхаммедкәрім #БҰҰ #АдамҚұқықтары #Журналистика #Қазақстан #СөзБостандығы #Munarmedia





