Астана 05.06.2026 /Munarmedia.kz/ –Аудан аумағында Көкшетау – Атбасар тасжолынан Шағалалы ауылына дейінгі автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізілуде. Ұзындығы 3 шақырымды құрайтын бұл жол ауданның көлік жүйесінде маңызды рөл атқарып, сондай-ақ Приречное ауылы мен Павловка ауылы елді мекендерімен қатынасты қамтамасыз етеді.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жолды жаңарту көлік қатынасының қолжетімділігін арттырып, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтеді әрі жол жүру уақытын қысқартады.
«Қазіргі уақытта жол учаскелерін тегістеу, жол жиегін ағаш-бұта өсімдіктерінен тазарту, сондай-ақ негізін нығайту жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмыс жоспарға сай атқарылып жатыр», – деді Данияр Сәдуақасов, РСУ-16 ЖШС учаске басшысы.
Ал Алмас Әбділманов, Шағалалы ауылының тұрғыны: «Бұл жолмен күн сайын қалаға жұмысқа, ауруханаға, ауданға қатынаймыз. Бұрын, әсіресе ауа райы қолайсыз кезде жүру қиын болатын. Қазір жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын көріп, аяқталуын күтіп отырмыз», – деді.
Айта кетейік, осы бағытта ірі инфрақұрылымдық жоба – Көкшетау қаласынан Зеренді ауылына дейінгі 47 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Үш жолақты қозғалыс қарастырылған жоба өткен жылы басталып, қазір аяқталу сатысында.
Жоба пайдалануға берілгеннен кейін жолдың өткізу қабілеті артып, Зеренді ауданының туристік әлеуетін дамытуға қосымша серпін береді.
#Астана #Ақмолаоблысы #Зеренді #жолжөндеу #инфрақұрылым #Көкшетау #туризм