Байтақ» партиясы өңірлік экологиялық саммиттің қорытындыларына арналған пікірталас алаңын өткізді

36

Астана. 07.05.2026. Munarmedia.kz – Қазақстанның жасылдар партиясы «Байтақ» өңірлік экологиялық саммиттің қорытындыларына арналған пікірталас алаңын өткізді. Іс-шараға ғылыми, сараптамалық және азаматтық қоғам өкілдерінен шамамен 150 сарапшы қатысты. Кездесу гибридті форматта ұйымдастырылды.


Партия мәліметінше, 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында өткен Өңірлік экологиялық саммит (РЭС-2026) мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар қатысқан маңызды халықаралық алаң ретінде бағаланған. Саммит қорытындысында ауқымды келісімдерге қол жеткізілгенімен, сарапшылар жарияланған бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыру тетіктері әлі де жеткілікті деңгейде пысықталмағанын айтты.


«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев экологиялық қауымдастықтың бір бөлігі саммит жұмысына қатыса алмағанын, сондай-ақ бірқатар сарапшы мен белсендіге ашық диалогқа қосылуға мүмкіндік берілмегенін атап өтті.

Осыған байланысты партия «Туған жер үні» атты балама ашық пікірталас алаңын ұйымдастырып, қатысушыларға өз көзқарасын еркін білдіруге жағдай жасаған.


Талқылаудың негізгі тақырыбы – саммиттің саяси декларациялар деңгейінен нақты ықпал ету тетіктеріне көшкен-көшпегені болды. Қатысушылар бірнеше өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда:
– қабылданған бастамаларды іске асыру бойынша нақты мерзімдер мен жауапты орындаушылардың болмауы;
– қаржылық ағындардың ашық еместігі;
– қоғамдық және сарапшылық бақылау тетіктерінің әлсіздігі.

Сонымен қатар сарапшылар экологиялық саясаттағы жүйелі мәселелерге де назар аударды. Олардың қатарында мемлекеттік органдар арасындағы үйлестірудің жеткіліксіздігі, халықаралық бастамаларды өңірлік ерекшеліктерді ескермей енгізу қаупі, сондай-ақ нақты нәтижеден гөрі формалды көрсеткіштердің басым болуы аталды.


Жиын қорытындысы бойынша сарапшылар нақты нәтижеге бағытталған KPI жүйесін енгізуді, цифрлық мониторингті дамытуды және жеке жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.

«Байтақ» партиясы талқылау барысында әзірленген барлық ұсыныстар жүйеленіп, уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданатынын мәлімдеді. Сондай-ақ «Жасыл экономика 2.0» атты жаңа тұжырымдама әзірленіп жатқаны хабарланды.

Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев экологиялық күн тәртібі азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, кездесудің басты қорытындысы – қоғамның өз үні мен нақты ұсыныстары бар екені және бұл үн естілуі тиіс.