Ақмола облысында 10 жастағы қыз бала сабақ үстінде көз жұмды

44

Munarmedi.kz 30.01.2026/Астана/-Ақмола облысының Қосшы қаласында орналасқан қоғамдық мәдени-спорттық кешенде сабақ кезінде он жастағы қыз бала қайтыс болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм бронхиалды астма диагнозымен диспансерлік есепте тұрған. Сабақ барысында оның жағдайы кенеттен нашарлап, жедел жәрдем шақырылған. Алайда дәрігерлер келгенге дейін баланың хәлі одан әрі ауырлай түскендіктен, қайта қоңырау шалынып, толық медициналық жабдықталған реанимобиль жіберу сұралған.

Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу дерегі Қосшы қаласының полиция бөлімінде тіркелген.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде. Тексеру нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», – деп мәлімдеді ведомстводан.

Оқиғаның нақты себептері тергеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.