Тәжікстан билігі Ресейдегі азаматтарын пышақ алып жүрмеуге және экстремистерден аулақ болуға шақырды

35

Munarmedi.kz 30.01.2026/Астана/-Тәжікстан Республикасының Еңбек, көші-қон және халықты жұмыспен қамту министрлігінің Ресей Федерациясындағы өкілдігі Ресейде жүрген тәжік мигранттарына арналған арнайы ұсынымдар жариялады. Ведомство отандастарын суық қару алып жүруден қатаң түрде бас тартуға, сондай-ақ деструктивті және заңсыз топтардан аулақ болуға үндеп отыр.

Министрлік мәліметінше, пышақ пен өзге де суық қаруды пайдалану ұсталуына, қылмыстық жауапкершілікке тартылуына және Ресейден депортациялануына әкелуі мүмкін. Ал экстремистік және заңсыз ұйымдарға қатысу тек РФ заңнамасын бұзып қана қоймай, адамның өміріне, бостандығына және беделіне тікелей қауіп төндіреді, деп ескертті ведомство өкілдері.

«Қырағы болыңыздар: жеңіл табыс немесе ықпал уәделеріне алданбаңыздар, күмәнді байланыстардан бойды аулақ ұстаңыздар. Егер қандай да бір топқа тарту әрекеті байқалса, бұл туралы дереу қабылдаушы елдің құқық қорғау органдарына хабарлаңыздар», — делінген ресми хабарламада. Онда сондай-ақ Ресей аумағында қауіпсіз әрі заңды өмір сүруге қатысты өзге де кеңестер берілген.

Аталған ұсынымдар Мәскеу облысында болған резонансты оқиғадан кейін жарияланды. Онда тәжік азаматы бір топ ресейлік жасөспіріммен жанжалдасып, пышақ қолданған. Қақтығыс салдарынан жасөспірімдердің бірі алған жарақатынан көз жұмып, күдікті адам өлтірді деген айыппен қамауға алынған.