Алматы бюджетіне жүргізілген аудит: 203 млрд теңгеден астам қаржылық бұзушылық анықталды

28

Munarmedi.kz 30.01.2026/Астана/-Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы (ЖАП) Алматы қаласының 2020–2025 жылдар аралығындағы бюджеті мен активтерін пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысын жариялады.

Аудиторлардың мәліметінше, тексеру барысында жоспарлау, басқару және бақылау жүйелерінде бірқатар кемшілік пен нақты бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, Алматының даму жоспары бірнеше рет түзетілгенімен, ол тиімді басқару құралына айнала алмаған. Сонымен қатар бірқатар іс-шаралар толық көлемде қаржыландырылмағандықтан, жекелеген мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкін болмаған.

ЖАП дерегіне сүйенсек, бюджет есебінен жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар саны артқан: 2022 жылы – 365 жоба болса, 2025 жылы – 529 жобаға дейін өскен. Алайда олардың іске асырылуы кезінде елеулі кемшіліктерге жол берілген.

Аудит барысында анықталған негізгі олқылықтар:

▪️ Жас-Қанат шағынауданында салынуы тиіс 41 тұрғын үйдің 7-еуі аяқталмаған, ал 12 үй қала балансына берілмеген, абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген;

▪️ Қалалық мобильділік басқармасы тасымалдаушыларға 2,3 млрд теңге көлемінде негізсіз субсидия төлеген;

▪️ Жер телімдерін бөлу кезінде бақылаудың әлсіздігі мен құрылыс тығыздығы талаптарының сақталмауы инженерлік және көлік инфрақұрылымына шамадан тыс жүктеме түсіріп, әлеуметтік нысандарға жаяу қолжетімділіктің болмауына әкелген;

▪️ «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрғын үй құрылысына арналған 30 млрд теңге бюджет қаражатын үш жыл бойы игере алмаған;

▪️ Сондай-ақ СПК «Алматы» азық-түлік бағасын тұрақтандыру міндетін толық орындай алмаған, ал бөлінген бюджеттік несиелер мақсатсыз пайдаланылып, қаржы құралдарына салынған.

Жалпы алғанда, анықталған қаржылық бұзушылықтар көлемі 203 млрд теңгеден асты. Тексеру барысында 26 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылып, есепке алу мен нақты жұмыстарды орындау арқылы 83 млрд теңгеден астам сома қалпына келтірілген.

Аудит нәтижелері бойынша 417 әкімшілік іс бойынша материалдар тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.