Munarmedia.kz. 02.11.2026/ASTANA/-Ақмола облысының Шортанды кентінде 15 жастағы жасөспірім жоғары кернеулі электр тогына түсіп, ауыр жарақат алды. Оның денесінің шамамен 70 пайызы күйіп қалған. Қазір жасөспірім аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, Астанадан барған оқушы досымен бірге теміржол вагонына шығып, абайсызда байланыс желісінің жоғары кернеулі сымына тиіп кеткен.
Зардап шеккен жасөспірім шұғыл түрде аудандық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Жарақатының ауырлығына байланысты оны әзірге басқа медициналық мекемеге ауыстыру мүмкін болмай тұр.
Оқиға орнына санитариялық авиация шақырылған. Балалар реаниматологымен кеңес өткізіліп, дәрігерлер консилиумының шешімі бойынша науқасты жағдайы тұрақтанғанға дейін аудандық ауруханада қалдыру ұйғарылған. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады.
Оқиға кезінде жасөспіріммен бірге болған екінші бала үйіне өздігінен қайтқан.
Көлік полициясы қылмыстық іс қозғады
Оқиғаға байланысты Көліктегі полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған. Қазір болған жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.
Мамандар теміржол вагондарына шығудың аса қауіпті екенін ескертеді. Байланыс желілеріндегі жоғары кернеулі электр тогы сымға тікелей қол тигізбей-ақ адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан теміржол инфрақұрылымына жақындамау және вагондарға шықпау қажет.
#АқмолаОблысы #Шортанды #Теміржол #БалаларҚауіпсіздігі #Қазақстан #MunarMedia