Munarmedia.kz. 02.11.2026/ASTANA/-Ақтөбе облысындағы Дон тау-кен байыту комбинатына қарасты шахтада 33 жастағы кенші Жандарбек Сәрсенов ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды. Бұл — соңғы күндері аталған комбинат құрылымындағы шахталарда болған тағы бір қайғылы оқиға.
Оқиға Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтаның 252 метр тереңдіктегі деңгейінде болған. Аталған шахта «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалы — Дон тау-кен байыту комбинатының құрамына кіреді.
Алдын ала мәлімет бойынша, вагондарды тіркеу кезінде 33 жастағы кенші ауыр жарақат алған. Ол Хромтау аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Қазір уәкілетті органдар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Қайғылы жағдайдың нақты себептері әзірге жарияланған жоқ.
Марқұмның әлеуметтік желідегі парақшасында қайғылы оқиғадан бір күн бұрын түсірілген бейнежазба да жарияланған. Онда «Жұмысқа дайындықты бастаймыз!» деген жазба бар.
Бірнеше күн бұрын тағы бір кенші қаза тапқан
Бірнеше күн бұрын Дон тау-кен байыту комбинатының құрамындағы «Болашақ» шахтасында да қайғылы жағдай болған. Сол кезде 24 жастағы кен проходчигі қаза тапқан.
Хабарланған мәліметке сәйкес, оқиға сақтандыру бекітпесін орнату кезінде тау жыныстарының кенеттен опырылуынан болған.
Қысқа уақыт ішінде бір комбинаттың шахталарында екі кеншінің қаза табуы өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне назар аудартады. Оқиғалардың нақты себептері мен еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатысты қорытындылар уәкілетті органдардың тексеруінен кейін белгілі болады.
Қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтамыз.
#АқтөбеОблысы #Хромтау #Қазхром #Кеншілер #ЕңбекҚауіпсіздігі #MunarMedia