Munarmedia.kz | 18.07.2026 | ASTANA – Ақмола облысында Степногорск қаласы мен бірнеше елді мекеннің маңында тұтанған дала өрттері сөндірілді. Бұл туралы Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, құрғақ шөптің жануы Степногорск қаласы, сондай-ақ Байқоныс, Бестөбе, Изобильное, Бөгенбай және Сілеті ауылдарының маңында тіркелген.
Өрт ошақтарын жедел оқшаулау және сөндіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар мен өзге де мемлекеттік қызметтердің күштері жұмылдырылды. Қол жетуі қиын аумақтарда авиация пайдаланылып, әуеден өрт ошақтарына 38 тонна су төгілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына найзағайдың түсуі себеп болған. Қазіргі уақытта елді мекендерге қауіп жоқ. Дегенмен жекелеген ошақтарды толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Жалпы өртті сөндіруге 300-ге жуық адам, 55 техника бірлігі, сондай-ақ ҚР ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» және «Қазавиаорман» кәсіпорындарының екі әуе кемесі тартылған.
Сонымен қатар редакциямызға Ерейментау ауданының тұрғындары хабарласып, өңірдегі дала өрттерінің салдарынан бірқатар шаруашылықтардың материалдық шығынға ұшырағанын жеткізді.
Тұрғындардың айтуынша, өрт салдарынан кейбір малшылардың тұрғын вагондары, мотоциклдері мен тракторлары жанып кеткен. Сондай-ақ шабылған шөп маялары мен кең көлемдегі жайылымдық жерлер отқа оранған. Ауыл тұрғындары жайылымдардың өртенуі мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар үшін елеулі қиындық туғызатынын атап өтті.
Осы ретте тұрғындар өрт кезінде зардап шеккен шаруашылықтарға қандай қолдау көрсетілетініне алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың сөзінше, төтенше жағдай орын алған уақытта аудан басшылығы ауыл шаруашылығы саласына арналған форум өткізіп жатқан. Аталған іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың да қатысқаны айтылды.
Редакцияға жүгінген азаматтар табиғи апаттан келген шығынды бағалау, зардап шеккендерге өтемақы төлеу және мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері бойынша құзырлы органдардан ресми түсініктеме күтетіндерін жеткізді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Ерейментау ауданындағы өрттен келген шығын көлемі туралы ресми қорытынды жарияланған жоқ. Сондай-ақ зардап шеккен мүлік пен ауыл шаруашылығы алқаптарының нақты көлемі уәкілетті органдардың тексеруінен кейін анықталады.
Munarmedia.kz редакциясы аталған жағдайға қатысты облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің, Ақмола облысы әкімдігінің және Ерейментау аудандық әкімдігінің ресми ұстанымын алуға тырысады. Қосымша ақпарат қолжетімді болған жағдайда материал жаңартылатын болады.
#Munarmedia #ASTANA #АқмолаОблысы #Ерейментау #Степногорск #ДалаӨрті #ТЖМ #АуылШаруашылығы #ТөтеншеЖағдай #Жаңалықтар