Ақмола облысында дала өрті екінші күн қатарынан жалғасып жатыр

37

Munarmedia.kz. 16.07.2026. ASTANA – Ақмола облысының бірнеше ауданында дала өрті өршіп тұр. Ең күрделі жағдай Степногорск қаласы аумағында қалыптасқан. Мұнда найзағай түсуінен тұтанған өрт екінші күн қатарынан жайылымдық жерлерді шарпып, елді мекендерге қауіп төндіріп отыр.

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Ерейментау ауданымен шекаралас аумақта өрт 14 шілде күні басталған. Алдын ала болжам бойынша, оған найзағай себеп болған. Ұзақ уақытқа созылған ыстық ауа райынан құрғаған дала шөбі бірден тұтанып, қатты жел жалынның кең аумаққа таралуына ықпал еткен.

Қазіргі уақытта өрт шарпыған аумақтың алдын ала көлемі шамамен 1000 гектарды құрайды.

Ақмола облысының ТЖД бөлімшелері мемлекеттік органдармен бірлесіп Ерейментау, Ақкөл, Шортанды, Бұланды аудандарында және Степногорск қаласы аумағында құрғақ шөптің жануын жою жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Өртті сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнында жедел штаб құрылды. Құтқарушылар мен өзге де қызмет мамандары табиғи апаттың таралуына жол бермеу үшін күш жұмылдыруда.

Жергілікті тұрғындар аумақта түтіннің қоюланғанын хабарлауда. Әлеуметтік желілерде және жергілікті чаттарда елді мекендерді қою түтін басқан сәттер бейнеленген видеолар таралуда. Мамандар автокөлік жүргізушілерін қала сыртындағы жолдармен жүру кезінде сақ болуға шақырды. Кей жерлерде түтін салдарынан көріну қашықтығы айтарлықтай төмендеген.

Ауа температурасының жоғары болуы мен қатты жел жағдайында жаңа өрт ошақтарының пайда болу қаупі сақталып отыр.

Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды, ашық жерде от жақпау және өрт белгілері байқалған жағдайда дереу 112 нөміріне хабарласуды ескертеді.

#MunarMedia #АқмолаОблысы #Степногорск #ДалаӨрті #ТөтеншеЖағдай #ӨртҚауіпсіздігі #ҚазақстанЖаңалықтары