Дипломын хайп үшін жыртқан алматылық түлек 5 тәулікке қамауға алынды

47

Munarmedia.kz. 16.07.2026. ASTANA – Әлеуметтік желіде кең тараған бейнежазбаға байланысты Алматы колледжінің түлегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция оның әрекетін ұсақ бұзақылық деп бағалап, сот шешімімен бес тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалғанын хабарлады.

Әлеуметтік желіде тараған видеода түлектерге диплом табыстау рәсімі көрсетілген. Кадрларда жас жігітке диплом берілгеннен кейін бірнеше секунд ішінде оның алдын ала дайындалған көшірмені түпнұсқа құжат орнына ауыстырып, сахнада жыртып жібергені және кетіп қалғаны байқалады.

Бұл бейнежазба әлеуметтік желілерді бақылау барысында полиция назарын аударған.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, жүргізілген тексеру нәтижесінде түпнұсқа диплом мен оның қосымшасы, сондай-ақ білім беру мекемесі берген мұқабаның бүлінбегені анықталған.

«Бейнежазбада диплом мұқабасының алдын ала дайындалған имитациясы пайдаланылған. Соған қарамастан жарияланған ролик интернетте кең тарап, қолданушылар арасында түрлі пікір туғызды және полиция тарапынан тексеру жүргізуге негіз болды», – делінген полиция хабарламасында.

Тексеру қорытындысы бойынша бейнежазба авторы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті бабы бойынша жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар сот түлекке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша бес тәулік мерзімге әкімшілік қамау жазасын тағайындады.

Кейін Даулет есімді түлек әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жариялап, колледж оқытушыларынан, әкімшілігінен және оның әрекетіне ренжіген азаматтардан кешірім сұрады. Ол жасаған ісіне өкінетінін айтты.

Алматы полициясы азаматтарға қоғамдық тәртіпті бұзатын, жалған ақпарат таратуға немесе адамдарды жаңылыстыруға бағытталған контент жариялау заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салды.

#MunarMedia #Алматы #Диплом #Түлек #ӘлеуметтікЖелі #ҰсақБұзақылық #ҚазақстанЖаңалықтары