Көкшетауда ірі тасымалдаушы компания жүргізушілері жалақы кешігуіне байланысты жұмысқа шықпады

47


Munarmedia.kz. 16.07.2026. ASTANA – Көкшетау қаласында қоғамдық көлік қозғалысында іркіліс орын алды. «Көкшетау автобус паркі» ЖШС автобустары бүгін таңертең қалалық бағыттарға шыққан жоқ.

Кәсіпорын ұжымы бұған дейін басшылыққа жазбаша өтініш жолдап, егер жалақы 15 шілде күні жұмыс уақыты аяқталғанға дейін толық көлемде төленбесе, 16 шілдеде жүргізушілер мен кондукторлар желіге шықпайтынын ескерткен.

Уәде етілгендей, жұмысшылар талаптарын орындап, бүгін автобус бағыттарына шықпаған.

Ұжымдық өтініште жүргізушілер мен кондукторлар еңбекақыны көтеру мәселесін ұзақ уақыттан бері көтеріп келе жатқанын атап өткен. Олардың айтуынша, қазіргі табыс көлемі отбасының негізгі қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз.

«Көкшетау автобус паркі» басшылығы жалақының кешігуіне мемлекеттік субсидиялардың уақытылы түспеуі себеп болғанын түсіндірді.

Кәсіпорынға бұған дейін Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан жауап берілген.

«Алдағы уақытта тасымалдаушыларға субсидиялар бойынша берешекті қарастырылған қаржыландыру көлемі аясында төлеу жоспарланып отыр. Тасымалдаушылар алдындағы міндеттемелердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету және қалалық тұрақты бағыттардың жұмысында үзілістерге жол бермеу мәселесі тұрақты бақылауда. Қалалық жолаушылар көлігі жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және қаржыландыру мәселелерін шешу бағытында жұмыстар жүргізілуде», – делінген ресми жауапта.

Алайда бұл түсіндірме жүргізушілер мен кондукторларды қанағаттандырмаған сияқты.

Егер тараптар жақын арада ортақ шешімге келе алмаса, Көкшетаудағы көлік мәселесі ұзаққа созылуы мүмкін.

#MunarMedia #Көкшетау #АқмолаОблысы #ҚоғамдықКөлік #АвтобусПаркі #Жалақы #КөлікМәселесі #ҚазақстанЖаңалықтары