Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жоғары технологиялық компанияларының басшыларымен кездесті

47

Munarmedia.kz. 16.07.2026. ASTANA – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жоғары технологиялық компанияларының басшыларымен кездесті.

Мемлекет басшысы Қытай бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен өткен дөңгелек үстел форматындағы кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, қытайлық серіктестерге алғыс білдірді.

Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті.

«Біздің екіжақты байланыстарымыз бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Біз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» бірге қадам бастық. Елдеріміз арасындағы өзара іс-қимыл жаңа сапалы кезеңге шықты деп толық негізде айтуға болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Қытай халықтарын өзара сенім, шынайы достық және болашаққа деген ортақ көзқарас біріктіреді.

Президент Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға қосқан жеке үлесі үшін ризашылығын білдірді.

Кездесу барысында жоғары технологиялар, инновациялар, цифрландыру, өндірістік кооперация және жаңа экономикалық бағыттардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Қазақстан тарапы Қытай компанияларымен бірлескен жобаларды дамытуға және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

#MunarMedia #ASTANA #ҚасымЖомартТоқаев #Қазақстан #Қытай #СтратегиялықСеріктестік #Инновация #ЖоғарыТехнология #ХалықаралықЫнтымақтастық