Munarmedia.kz. 16.07.2026. ASTANA – Қазақстан Ұлттық банкі елде бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесін енгізуге дайындалып жатыр. Сонымен қатар зейнетақы жүйесін реформалау бойынша жұмыстар басталды.
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 18 маусымда Сенат отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, бірыңғай QR-төлем жүйесі 2026 жылғы 19 шілдеден бастап толыққанды жұмыс істей бастайды. Жаңа тетік азаматтарға кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы бір ғана QR-кодты сканерлеу арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда бірнеше түрлі QR-төлем стандарты қолданылып келеді. Бұл кей жағдайда тұтынушылардың төлем жасау мүмкіндігін шектейді. Ұлттық банк банкаралық QR-төлемдердің базалық инфрақұрылымын 2025 жылғы 30 қыркүйекте іске қосқан болатын.
«Бірыңғай QR-жүйе төлемдерді ыңғайлы әрі қолжетімді етуге, сондай-ақ қаржы нарығындағы цифрлық сервистердің дамуына ықпал етеді», – деді Ұлттық банк басшысы.
Сонымен қатар Тимур Сүлейменов Қазақстандағы зейнетақы жүйесін реформалау бағытында жұмыс басталғанын хабарлады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан жаңа тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлейтін жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына тиісті мемлекеттік органдар мен сарапшылар кіріп, зейнетақы жүйесін жетілдіру мәселелерін қарастырады.
Алдағы уақытта жұмыс тобы зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірлейді.
#MunarMedia #ASTANA #Қазақстан #ҰлттықБанк #QRТөлем #Цифрландыру #ЗейнетақыЖүйесі #Экономика #Қаржы