Ресейде мигранттарды арнайы ұялы телефон алуға міндеттеу ұсынылды

40


Munarmedia.kz | 18.07.2026 | ASTANA Ресейде елге келетін шетелдік азаматтарды арнайы ұялы телефон сатып алуға міндеттеу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Ресей Ішкі істер министрінің орынбасары, статс-хатшы Игорь Зубов Федерация кеңесінің Халықаралық істер комитетінің отырысында мәлімдеді.

Министрлік өкілінің айтуынша, әрбір мигранттың сатып алатын ұялы телефонына оның электрондық профилі енгізіледі. Соның нәтижесінде мемлекеттік органдар шетелдік азаматтың нақты орналасқан жерін бақылап, оның бір елді мекеннен екіншісіне бақылаусыз қоныс аударуына жол бермейді.

Игорь Зубовтың сөзінше, бұл жүйе тек бақылау құралы ғана емес, сонымен қатар мигранттарды құжаттарының қолданылу мерзімінің аяқталуы, тіркеу рәсімдері немесе мемлекеттік органдарға келу қажеттілігі туралы дер кезінде хабардар етуге мүмкіндік береді.

Аталған бастама Ресейде миграциялық бақылауды цифрландыру бағытындағы жұмыстардың жалғасы ретінде қарастырылып отыр.

Еске салсақ, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысында Ресей Ішкі істер министрлігі шетел азаматтарының орналасқан жерін геолокация арқылы анықтауға мүмкіндік беретін «Амина» мобильді қосымшасын пилоттық режимде іске қосты.

Бұл қосымшаны Ресейге визасыз келетін кәмелетке толған шетел азаматтарының пайдалануы міндетті. Ресей ІІМ мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсан айының ортасына қарай 139 мыңнан астам мигрант «Амина» жүйесіне геолокациялық деректерді уақытылы жібермегені үшін миграциялық есептен шығарылған.

Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, егер мигранттың орналасқан жері туралы ақпарат жүйеге үш жұмыс күнінен астам уақыт бойы түспесе, ол миграциялық есептен шығарылады.

Қазіргі уақытта жаңа талаптың нақты қашан күшіне енетіні және оның барлық өңірлерде енгізілу мерзімі туралы ресми шешім жарияланған жоқ.

#Munarmedia #ASTANA #Ресей #Мигранттар #КөшіҚон #Цифрландыру #ІшкіІстерМинистрлігі #Амина #Жаңалықтар