Ақмола облысында фермерлер жаңа Салық кодексі нормаларын талқылады

31

Munarmedia.kz 05.04.2026 /Astana/ Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ақмола облысының жетекші фермерлерімен кездесіп, жаңа Салық кодексінің нормаларын талқылады.

Кездесу барысында шаруалар министрге мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға қатысты өзекті сұрақтарын қойды. Ведомство мәліметінше, бұл жоспар саладағы негізгі мәселелердің бірі – өндірістік фермерлік тізбектегі қаржыландыру тапшылығын шешуге бағытталған.

Аталған бастаманы жүзеге асыруға 374 млрд теңге қарастырылған. Жоба аясында фермерлерді қолдау және ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейту көзделіп отыр.

Сонымен қатар, наурыз айының басынан бастап жылдық 6% мөлшерлемемен жаңа несиелік өнімдер – «Игілік» және «Береке» іске қосылды. Олар асыл тұқымды мал басын сатып алуға бағытталған.

Атап айтқанда:
– «Игілік» бағдарламасы 100-ден 500 басқа дейінгі ірі қара мал (ІҚМ) және 500-ден 1000 басқа дейінгі ұсақ мал (ҰМ) ұстайтын шаруашылықтарға арналған;
– «Береке» бағдарламасы 500-ден астам ІҚМ және 1000-нан астам ҰМ бар ірі шаруашылықтарға бағытталған.

Министрдің айтуынша, қабылданып жатқан шаралар агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, фермерлердің қаржылық қолжетімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

#ауылшаруашылығы #фермер #салықкодексі #Ақмола #Жұманғарин #экономика