Munarmedia.kz 26.02.2026 /Astana/ Егіндікөл ауданында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын түсіндіру және оның негізгі ережелерін талқылау мақсатында жұртшылықпен кездесу өтті. Іс-шараға өңірлік коалиция мүшесі, облыстық мәслихат төрағасы, Жалпыұлттық коалицияның облыстыұ штабының төрағасы Жүсіпов Бейбіт пен облыстық мәслихат депутаты Әбілқайыр Ошақбаев қатысты.
Жұмыс сапары «Егіндікөл аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК ұжымымен кездесуден басталды. Басқосу барысында Негізгі заң жобасының әлеуметтік бағыттылығы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына берілетін кепілдіктер, сондай-ақ өкілді билік институттарының рөлі кеңінен талқыланды.
Медицина қызметкерлері белсенділік танытып, саланың әлеуметтік қорғалуы, еңбек жағдайлары мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелері жөнінде сауалдар қойды. Аудандық аурухананың хирург-дәрігері Темір-Болат Тасқынбай денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру қажеттігін атап өтіп, жаңа Конституция жобасына қатысты пікірін білдірді.
Ашық диалог алаңы
Кездесу аудан әкімдігі ғимаратында жалғасты. Талқылауға аудандық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес пен Ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Ашық диалог форматында ұсынылып отырған өзгерістердің демократиялық қағидаттарды нығайтуға, өкілді органдардың өкілеттіктерін кеңейтуге және мемлекеттік құрылымдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрсайын Әубәкіров алдағы референдумға қатысты жұртшылықтың көзқарасын білдіріп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызын атап өтті. Ол еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, тұрғындарды мазмұнды талқылауға белсенді қатысуға шақырып келеді.
Қоғамдық сенім мен жауапкершілік
Жиын барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ашық жеткізуге мүмкіндік алды.
Мұндай кездесулер билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалогты дамытып, өзара сенім мен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.
Жаңа Конституция жобасын кеңінен талқылау — ел болашағына қатысты ортақ ұстанымды қалыптастырудың маңызды кезеңі.
Баяжума Асылбек