Munarmedia.kz 27.02.2026 /Астана/ – Бұл туралы Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина CNN телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Елшінің сөзінше, АҚШ Мемлекеттік департаменті Киевтен Новороссийскідегі мұнай нысандарына жасалатын шабуылдарды тоқтатуды талап еткен. Себебі бұл әрекеттер Қазақстан арқылы жүзеге асатын америкалық инвестицияларға кері әсерін тигізіп отыр.
«Біз Новороссийскіге жасалған украиналық шабуылдар Қазақстан арқылы іске асатын кейбір америкалық инвестицияларға ықпал еткенін естідік. Сондай-ақ Мемлекеттік департаменттен америкалық мүдделерге нұқсан келтіретін әрекеттерден бас тартуымыз қажет екені жөнінде сигнал алдық», – деді дипломат.
Оның айтуынша, Киев бұл ескертуді «назарға алған».
Әңгіме Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КТК) инфрақұрылымына жасалған шабуылдар туралы болып отыр. Аталған құбыр желісі арқылы Қазақстан мұнайының негізгі бөлігі экспортталады. 2025 жылы Украина КТК нысандарына дрондар мен теңіз катерлері арқылы бірнеше рет соққы жасағаны белгілі.
Сарапшылардың пікірінше, КТК төңірегіндегі қауіпсіздік мәселесі тек аймақтық қана емес, халықаралық энергетикалық нарыққа да тікелей әсер ететін факторға айналып отыр. Қазақстан үшін бұл бағыт стратегиялық экспорттық арна саналады.