Қазақстан билігі ресейлік оппозициялық қозғалысқа қатысы бар белсендінің экстрадициясын уақытша тоқтатты.

9

Munarmedia.kz 27.02.2026 /Астана/ –  БАҚ-тың құқық қорғаушыларға сілтеме жасап хабарлауынша, Қазақстанның Бас прокуратурасы Санкт-Петербургтегі марқұм оппозиционер Алексей Навальный штабының бұрынғы белсендісі Юлия Емельянованы Ресейге беру процесін тоқтатқан.

Экстрадиция рәсімі белсендінің босқын мәртебесін алу жөніндегі өтінішін қарау үшін уақытша кідіртілген. Емельянова ісі бойынша кезекті сот отырысы 27 ақпанға жоспарланған.

Юлия Емельянова 2025 жылдың тамыз айында Қазақстан аумағы арқылы транзиттік ұшу кезінде ұсталған. Ресей тарапы оған такси жүргізушісінің телефонын ұрлады деген айып тағып отыр. Алайда құқық қорғаушылар бұл істің формалды сипатта екенін айтып, бірқатар процессуалдық заңбұзушылықтар болуы мүмкін екенін алға тартады.

11 ақпанда Қазақстанның Юлия Емельянованы Ресейге беру ниеті бар екені хабарланған еді. Қазіргі уақытта белсенді Алматы қаласындағы тергеу изоляторында отыр.

Сонымен қатар, жуырда Қазақстан Жоғарғы соты шешен белсендісі Мансур Мовлаевты Ресейге экстрадициялау туралы шешімді де уақытша тоқтатты. Ол босқын мәртебесі мәселесі қаралғанша тағы бір ай қамауда қалдырылды.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай істер Қазақстанның халықаралық құқық пен адам құқықтары саласындағы міндеттемелері аясында жіті назарда болады.