Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы жағдай күрт шиеленісті.

10

Munarmedia.kz 27.02.2026 /Астана/ – Соңғы күндері екі ел арасында әскери қақтығыстар күшейіп, тараптар бір-бірін терроризмді қолдады деп айыптауда.

Өткен демалыс күндері Пәкістан ауған аумағындағы нысандарға әуе соққыларын жасады. Исламабад бұл әрекетін ел ішінде болған бірқатар лаңкестік шабуылдарға жауап ретінде түсіндіріп, оған «Талибан» қозғалысының қатысы бар деп мәлімдеді.

27 ақпандағы мәліметтерге сәйкес, Пәкістан Кабул мен Ауғанстанның бірқатар елді мекендеріне жаппай авиациялық соққы берген. Сонымен қатар, екі елдің қарулы күштері шекара маңында қақтығыс жүргізіп жатыр.

Ауғанстан билігі бұл операцияны 21 ақпанда Пәкістан әуе күштері жеті лагерьге жасаған шабуылға жауап деп атады. Ол кезде ауған тарапы бейбіт тұрғындар арасында құрбандар барын хабарлаған.

Пәкістан қорғаныс министрі Хаваджа Асиф соғыс қаупі туындағанын ескертіп, Кабулды «терроризмді қолдау және экспорттау», сондай-ақ «Ауғанстанды Үндістанның колониясына айналдыру» әрекеттері үшін айыптады.

Ауғанстанның TOLO News телеарнасы ел қарулы күштері Пәкістанға қарсы әскери операция бастағанын хабарлады. Қақтығыстар Нангархар, Нуристан, Кунар, Хост, Пактия және Пактика провинцияларында – Кабул мойындамайтын Дюранд сызығы бойында жүріп жатыр.

Алдын ала мәліметтер бойынша, екі тараптан қаза тапқандар саны 200-ден асқан. Ауған әуе кеңістігінде пәкістандық әскери ұшақ атып түсірілгені айтылуда. Өз кезегінде Пәкістан әскері талибтерге тиесілі оқ-дәрі қоймасын және 30-дан астам техниканы жойғанын мәлімдеді. Ауған тарапы бірнеше шекара бекетін бақылауға алғанын хабарлады.

Жанжалдың ушығуына «Техрик-и-Талибан Пәкістан» (ТТП) тобына қатысты өзара айыптаулар себеп болып отыр. Исламабад Кабулды содырларды жасырып қана қоймай, қарумен қамтамасыз етіп отыр деп кінәлайды. Ауған билігі бұл айыптарды жоққа шығарып, жауапкершілікті Пәкістанға жүктейді.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың күзінде де екі ел арасындағы шиеленіс күшейіп, кейін Дохадағы келіссөздер нәтижесінде атысты тоқтату туралы уағдаластыққа қол жеткізілген еді.

Аймақтағы ахуал АҚШ пен Иран дипломаттарының кезекті кездесуіне тұспа-тұс келіп отыр. БАҚ бұл келіссөздерді шешуші кезең деп бағалауда: Вашингтон Тегераннан уран байытуды тоқтатуды талап етсе, Иран бұған келіспей отыр. Сонымен қатар, АҚШ әскери техникасын Иран бағытында шоғырландыруын жалғастырып жатқаны хабарлануда.

Осы аралықта Иранда Ауғанстанның бұрынғы парламент мүшесі әрі Панджшер экс-губернаторы Керамуддин Резазадаға жасалған қастандық туралы ақпарат тарады. Бұған дейін оны ауған арнайы қызметтері іздестірген. Балх провинциясының бұрынғы губернаторы Атта Мохаммад Нур бұл оқиға үшін талибтерді айыптап, зорлық-зомбылық олардың легитимдігін арттырмайтынын мәлімдеді.

Сарапшылардың айтуынша, жағдайдың одан әрі ушығуы Орталық және Оңтүстік Азиядағы қауіпсіздік архитектурасына елеулі әсер етуі мүмкін. Аймақтағы тұрақсыздық көрші мемлекеттерге де жанама ықпал ету қаупін арттырып отыр.