Munarmedia.kz 27.02.2026 /Астана/ – Щучинск қаласында орналасқан дәмханалардың бірінде газ баллонының жарылуы салдарынан жеті адам қаза тапты. Қайғылы оқиға Ақмола облысында болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыстан кейін ғимарат ішінде өрт шыққан. Төтенше жағдай салдарынан жеті адам, оның ішінде кәмелетке толмаған қыз көз жұмды. Тағы жиырмаға жуық адам түрлі жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер жанып жатқан ғимараттан сегіз газ баллонын сыртқа шығарып, жарылыстың ауқымды сипат алуына жол бермеген. Сонымен қатар құтқарушылар оннан астам адамды қауіпсіз жерге эвакуациялаған.
Өрт толықтай сөндірілді. Құтқару қызметтері түні бойы үйінділерді аршып, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.
Қайғылы жағдай өңір тұрғындарын алаңдатып отыр. Мамандар қоғамдық тамақтану орындарындағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін тағы бір мәрте еске салды.