Дональд Трамп Колумбияның АҚШ әскери ұшақтарымен депортацияланған мигранттарды қабылдаудан бас тартқаны үшін бұл елге қарсы бірқатар шектеулер енгізуге бұйрық берді, деп хабарлайды BBC.
Өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында Трамп: «Екі репатриациялық ұшаққа, ішінде көптеген заңсыз қылмыскерлер болғанына қарамастан, Колумбияда қонуға рұқсат берілмеді», – деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл жағдай елдің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Сондықтан ол келесі шараларды қабылдауды тапсырды:
▪️ АҚШ-қа әкелінетін барлық тауарларға 25% көлемінде тариф енгізу;
▪️ Колумбия үкіметінің шенеуніктері мен олардың жақтастарына виза беруді тоқтатып, қолданыстағы визаларын кері қайтарып алу;
▪️ Колумбия үкіметінің партия мүшелеріне, олардың отбасыларына және қолдаушыларына визалық санкциялар енгізу.
«Бұл – тек бастамасы», – деді Трамп.
Сонымен қатар, ол бір апта ішінде тарифті 50%-ға дейін көтеруге уәде берді.
Колумбия президенті Густаво Петро жексенбі күні заңсыз мигранттармен келген ұшақтарды қабылдамайтынын мәлімдеді. Трамптың мәлімдемесіне жауап ретінде Петро Колумбияның АҚШ-тың импорттық тауарларына дәл сондай баж салығын енгізетінін айтты.
Бұған дейін АҚШ шекара қауіпсіздігі мәселелері бойынша өкілі Томас Хоман мигранттарды АҚШ-тан тұрақты түрде депортациялау үшін әскери ұшақтарды пайдаланатынын мәлімдеген болатын.
* Фото: Дональд Трамптың Facebook парақшасынан.