АҚШ парламентінде сенатор Марко Рубио Орталық Азия елдеріне қатысты шектеулерді жою мәселесін көтерді. Бұл тақырып Дональд Трамп әкімшілігінде мемлекеттік хатшы лауазымына бекітуге қатысты талқылау барысында қозғалды.
Сенатор Стив Дейнс Рубиодан "Джексон – Вэник" түзетулеріне қатысты көзқарасын сұрады. Рубио бұл түзетулерді «өткеннің сарқыншағы» деп атап, оны Орталық Азия елдеріне қысым көрсету құралы ретінде қолданудың мағынасы жоқ екенін айтты.
«Менің ойымша, бұл – өткен дәуірдің құбылысы. Кейбіреулер бұл түзетуді адам құқықтарын қорғау немесе елдерді Ресейден гөрі бізбен ынтымақтастыққа тарту үшін пайдалануға болады деп санайды. Бірақ бұл абсурд», – деді Рубио.
"Джексон – Вэник" түзетуі туралы
Аталған түзету 1974 жылы АҚШ-тың сауда туралы заңына енгізілген. Оның мақсаты эмиграцияны шектеуге және адам құқықтарын бұзуға жол берген елдермен сауданы шектеу болатын. Алғашында бұл саясат КСРО-ның көші-қон саясатына қарсы бағытталған еді.
Кейіннен бұл шектеулер посткеңестік елдердің басым бөлігі, соның ішінде Ресей үшін де алынып тасталды. Алайда, Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Беларусь елдеріне қатысты шектеулер әлі де сақталуда.