Дональд Трамптың қараша айындағы сайлаудағы жеңісіне байланысты қоғамда үлкен өзгерістерді күткеніне қарамастан, Ресей мен Украина арасындағы соғыстың аяқталуы Трамп үшін оңай мәселе болмасы анық. Себебі, бұл соғыстың жалғасуына әсер ететін кем дегенде үш маңызды фактор бар. Алайда, Трамптың соғысты тоқтату үшін әрекет етуге деген мотивациясы да бар, ол үш себепке негізделеді: концептуалдық, стратегиялық және практикалық.
Бұл мәселе тек Трамптың жеке бастамасы емес. АҚШ өзінің кең гесосаяси стратегиясын қайта қарап, оны жаңарту қажет екенін түсінуі керек. Соғыстың нәтижесінде қалыптасқан әлемдік тәртіпке сүйенетіндей ешқандай негіз қалмады. Америкалықтар әлемге ықпалының кеміп бара жатқанына және әлемдік саясаттағы күштердің қайта бөлініп жатқанына байланысты, АҚШ үшін бұрын қабылданған стратегияларды жалғастыру және нығайту қауіп-қатер туғызуы мүмкін. Соңғы 25 жылда «Жетілік» елдерінің әлемдік экономикадағы үлесі 40%-дан 30%-ға дейін төмендеді, Қытай ең ірі экономикаға айналды және әлемдік саяси процестердің орталығы Тынық мұхиты аймағына көшті. Осылайша, әлемдік тәртіптің өзгеруі АҚШ-тың екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде әзірлеген стратегиялық бағыттарын қайта қарауды талап етеді.
Жаңа әлемде АҚШ Қытайды негізгі қарсылас ретінде тежеу мақсатында стратегиялық күш-жігерін шоғырландыруға тиіс. Қытай соңғы жүз жылда АҚШ-тың ең үлкен бәсекелесіне айналып, оның күш-қуатымен АҚШ-қа нақты қауіп төндіруде. Қытайдың әскери және экономикалық мүмкіндіктері АҚШ-тың қазіргі саяси және қауіпсіздік жүйесіне қауіп төндіреді деп есептейді Пентагон. Трамп бұл соғыстың жалғасуы АҚШ үшін жағымсыз салдарға әкелсе, Қытайға артықшылық беретінін мойындайды. Сондықтанда АҚШ-ты әлемде бейбітшілік орнатушы мемлекет ретінде ойыннан шығып кетудің оңтайлы жолдарын қарастыруда. Соғыс АҚШ үшін экономикалық және саяси шығындарды азайту мен тәуекелдерді басқару мәселесі болып отыр. Байден әкімшілігінің бұл мәселеге қатысты қабылдаған шешімдері күмән туғызғандықтан, Трамп жаңа тәсілдермен әрекет етуге дайын.
Алайда, мәселе одан сайын күрделеніп барады. АҚШ-тың әлемдегі бұрынғы ықпалы мен рөлі өзгерді. Олар үшін дәстүрлі дипломатиялық амалдар мен ортақ шешімдер ұсыну қиынға соғуда. Ресей мен Украина арасындағы келісімге келу мүмкіндігі тым шектеулі. Мәскеу талап ететін шарттар Украина үшін қабылдауға қиын болатын талаптар екені белгілі. Әсіресе, аумақтық мәселелер мен қауіпсіздікке қатысты шектеулерге Украина ешқашан көнбейтіні белгілі. Бұл жағдайдан шығу үшін АҚШ және Батыс елдері қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынуға мүмкіндігі жоқ. Бұл – күрделі мәселе, оған тек қорқыту мен әскери көмекті арттыру арқылы әсер ету оңай емес.
Аумақтық мәселелердің маңызы зор. Бүгінгі әлемде аумақтық дауларды шешу қиын, өйткені бұл мәселелер мемлекеттің қауіпсіздігімен, мәртебесімен, ұлттық бірегейлікпен және тарихымен тығыз байланысты. Аумақтық даулар ұзақ уақытқа созылғанда өзара әскери қақтығыстардың өзі шеше алмайды. Бұл тұрғыда Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс Трамп айтқандай, телефонмен шешетін мәселе емес. Тіпті Украина өз аумағының бір бөлігін жоғалтқан жағдайда оның қайтадан Ресейден талап етіп, бірнеше жылдан соң қайта соғыс ашпасына кім кепілдік бере алады?
Трамптың міндеті тек соғысты тоқтату ғана емес Еуропадағы қауіпсіздік құрылымын қайта құру. Бұл құрылым АҚШ-тың шығындарын азайтып, сонымен бірге, жаңадан орын алуы мүмкін соғыстар т.б алдын алуға қабілетті болғаны жөн. Бұған Еуропа елдері түгелдей атсалысып, АҚШ-тың соғысқа кетіп жатқан шығындарын жабуы қажет.
Трамп пен оның әкімшілігі үшін халықаралық дипломатиялық тәжірибелердің маңызы зор. Мысалы, 1979 жылы Египет пен Израиль арасындағы бейбіт келіссөздер АҚШ-тың араласуымен шешім тапты. Алайда, бүгінгі Ресей-Украина соғысы жағдайында мұндай модельдің жүзеге асуы қиын. Мұндай келіссөздер үшін тараптар арасында келісімге келуге дайындық болуы керек, бірақ қазіргі жағдайда бұл екі тараптан да байқалмайды.
АҚШ осы мәселені шешу үшін үлкен дипломатиялық күш-жігер мен халықаралық қауымдастықтың ықпал ете алатын барлық мүмкіндіктерін пайдалануға тиіс. Бірақ қазіргі екіполярлы әлемде Ресей-Украина соғысы тек біржақты күш-жігермен шешілмейтінін Трамп түсінген сияқты.