АҚШ Өзбекстанның екі компаниясының топ-менеджерлеріне визалық шектеу енгізді

12

Munarmedia.kz 22.02.2026 / Астана АҚШ билігі Өзбекстандағы екі компанияның басшылары мен лауазымды тұлғаларына қатысты визалық шектеулер енгізді. Вашингтонның мәлімдеуінше, аталған тұлғалар заңсыз көші-қонды, соның ішінде балалардың қатысуымен жүзеге асқан миграциялық схемаларды саналы түрде қолдаған.

Шектеулер АҚШ аумағында болуы немесе ықтимал қызметі елдің сыртқы саясатына елеулі зиян келтіруі мүмкін деп танылған тұлғаларға қатысты қолданылған. Бұл шешім АҚШ-тың иммиграциялық заңнамасы аясында қабылданған.

Тергеу материалдарына сәйкес, аталған адамдар шетел азаматтарын, оның ішінде балаларды әуеайлақтар мен құрлықтағы шекара өткелдері арқылы Орталық Америкадағы транзиттік нүктелерге жеткізуді үйлестірген. Кейін олардың бір бөлігі АҚШ шекарасын заңсыз кесіп өтуге әрекет жасаған.

Компаниялардың атауы мен басшылардың аты-жөні ресми түрде жария етілген жоқ.

АҚШ Мемлекеттік департаменті таратқан мәлімдемеде заңсыз көші-қоннан пайда көретін желілердің қызметін тоқтату және оған қатысы бар тұлғаларды жауапкершілікке тарту Вашингтонның басым бағыты екені атап өтілген. Ресми тұлғалардың айтуынша, мұндай шаралар халықаралық көші-қон тізбегіндегі делдал құрылымдарға тосқауыл қоюға бағытталған.

2025 жылдың қараша айында АҚШ-та Дональд Трамп әкімшілігі Джо Байден кезеңінде қабылданған иммиграциялық шешімдерге ауқымды тексеріс бастаған болатын.

Трамп бұған дейін «АҚШ жүйесіне қалпына келуге мүмкіндік беру» үшін үшінші әлем елдерінен иммиграцияны толық шектеу ниеті бар екенін мәлімдеген еді.

2026 жылдың 21 қаңтарынан бастап АҚШ 75 елдің азаматтарына қатысты иммиграциялық визаларды өңдеуді уақытша тоқтатты. Бұл тізімге Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан да енгізілген.

Сарапшылардың пікірінше, соңғы шешімдер Вашингтонның көші-қон саясатын қатаңдату бағытындағы жүйелі қадамдарының жалғасы болып табылады.