Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

АҚШ Қытай, Мексика мен Канададан әкелінетін тауарлаға салынатын салық мөлшерін көбейтті

71

ВАШИНГТОН, 2025 жылдың 2 ақпаны /DW/. Кешеден бастап, яғни 1 ақпаннан АҚШ үкіметі Канада мен Мексикадан әкелінетін тауарларға 25 пайыздық, ал Қытайдан әкелінетін тауарларға қосымша 10 пайыздық баж салық салатынын Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт жұма күні хабарлады. Бұған дейін Рейтерс агенттігі Президент Трамп баж салық салу мерзімін 1 наурызға дейін кейінге қалдырғанын хабарлаған болатын, бірақ бұл "жалған ақпарат" екенін К.Ливитт атап өтті.

АҚШ Президентінің шешімі іске қосылатыны белгілі болғаннан кейін, жұма күнгі сауда сессиясы барысында S&P 500 индексі 0,5 пайызға, Nasdaq composite индексі 0,3 пайызға, ал Dow Jones Industrial Average индексі 0,8 пайызға төмендеді.

Президент Д.Трамп көрші елдерден әкелінетін тауарларға баж салық салуын түсіндіріп, АҚШ-қа заңсыз иммигранттар ағынын Мексика елі тоқтатуы керек, ал Канада елі фентанил сияқты есірткі заттарын АҚШ-қа жасырын түрде енгізуін тоқтатуы керек деген талаптарды қойды.

Канада Премьер-Министрі Джастин Трюдо Вашингтон салған баж салығына жауап ретінде "күшті және ақылды" шаралар қолданатынын айтып, қиын уақытқа дайын болуға канадалықтарға үндеді. Блумберг агенттігінің хабарлауынша, Канада тарапы АҚШ-тан әкелінетін 105 миллиард долларлық тауарларға баж салық салатын тізімді дайындаған. Сонымен қатар, Канада Сыртқы істер министрі Мелани Жоли АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен келіссөздер жүргізгеннен кейін Канада тарапының жауап шараларын қолданудан бас тарта алмайтынын ескертті.

Сондай-ақ, Мексика елі де жауап шараларын дайындап жатыр, бұл "үлкен шығындарға әкелетін сауда соғысына алып келуі мүмкін" деп The Guardian газетінде жазылды.