"Власть" басылымының хабарлауынша, Қазақстан Мәжілісі Арал теңізінде жер қойнауын пайдалануға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Жаңа түзетулерге сәйкес, республика Каспий теңізіндегі өз секторында көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша операцияларға рұқсат береді, бірақ Арал теңізі аумағында жер қойнауын пайдалануға тыйым салады. Бұл шектеу жаңа келісімшарттарға қатысты болады және қолданыстағы келісімдерге әсер етпейді. Аталған нормалар депутаттар сәрсенбі күні екі оқылымда қабылдаған "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заң жобасына енгізілген.
Сонымен қатар, депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске заңсыз су алу, су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде заңсыз құрылыс жүргізу бойынша жауапкершілікті қатаңдататын өзгерістерді мақұлдады.
Журналист Жанель Жазетова Қазақстан билігінің Арал бассейнінің шикізаттық әлеуетін бағалауға жұмсаған қомақты қаражатына назар аударды. Мәселен, 2023 жылдың мамыр айының соңында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр 2024 жылы үкімет бұл мақсатқа 6,3 млрд теңге бөлетінін мәлімдеген еді. Бұл қаражат "Батыс" және "Шығыс" учаскелерінде геологиялық-геофизикалық жұмыстар жүргізуге бағытталды. Зерттеулердің нәтижесінде аумақтың болжамды ресурстары бағаланып, перспективалы құрылымдар анықталуы тиіс болатын.
Сол кезде Скляр Арал теңізінің бұрынғы түбін зерттеу жұмыстарын жер қойнауын пайдаланушылар өз қаражаты есебінен жүргізетінін де айтқан. Мысалы, 2024 жылдың сәуір айының ортасында "Курсив" басылымы "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы Арал теңізі маңындағы тұзды көлдердің тұзды суларында литийдің бар-жоғын зерттеу үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) қаржысына зерттеу жүргізетінін хабарлаған. Осы мақсатта ЕҚДБ компанияға 400 мың еуро көлемінде грант бөлген. Жоспар бойынша, жоба екі жыл ішінде жүзеге асырылмақ.
2023 жылдың желтоқсан айында Ұлттық геологиялық қызметтің (ҰГҚ) төрағасы Ерлан Ғалиев АҚШ Мемлекеттік департаментінің Энергетикалық ресурстар бюросы оның ведомствосы мен "Тау-Кен Самұрық" компаниясына Арал теңізін бірлесіп зерттеу туралы ұсыныс жасағанын мәлімдеді. Ғалиевтің айтуынша, 2025 жылы АҚШ, Франция, Германия және Финляндияның геологиялық қызмет басшылары Қазақстанның Ұлттық геологиялық қызметіне аудит жүргізеді. Сондай-ақ, елге Ұлыбританияның BGS геологиялық қызметі бірнеше миссиямен келмек.
Айта кетейік, Арал маңындағы тұзды суларды, көлдердегі тұзды ерітінділер мен сорларды литий барлау мақсатында зерттеу 2024–2028 жылдарға арналған сирек және сирек жер металдары саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға енгізілген. Бұл туралы Жанель Жазетова еске салды.