Munarmedia.kz-05.11.2026ж/Астана/-Астанада автомобиль жасау, энергетика және жоғары технологиялық салаларда қолданылатын аса маңызды материалдарды зерттейтін ұлттық зертхана ашылады. Бұл бастама аталған бағыттардағы өндірісті дамытуға және отандық өнеркәсіптің технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Налибаев салаға деген сұраныстың артуына байланысты өндірісті төрт негізгі бағыт бойынша дамыту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, басым бағыттарға аккумулятор батареяларына қажетті материалдар, реактивті қозғалтқыштардың бөлшектері, жартылай өткізгіштер және тұрақты магниттер өндірісі кіреді.
Аталған бағыттар бойынша шетелдік инвесторлар мен халықаралық серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар тізімі қалыптастырылған.
Жаңа ұлттық зертхананың құрылуы осы салалардағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға, заманауи технологияларды игеруге және Қазақстанның жоғары технологиялық өндірісін қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
#Қазақстан #Астана #ҰлттықЗертхана #Өнеркәсіп #Технология #Инвестиция #Энергетика #Munarmedia