Астанада есірткі сатқан интернет-дүкендерінің мүшелері бас бостандығынан айырылды

56

Munarmedia.kz. 03.11.2026. ASTANA-Астанада интернет арқылы есірткі саудасын ұйымдастырған қылмыстық топтардың мүшелеріне қатысты үш сот үкімі заңды күшіне енді. «San-Andreas», «MOOZ», «Zadira» және «Царство Аида» деп аталатын есірткі дүкендеріне байланысты қылмыстық істер бойынша ұйымдастырушылар мен олардың сыбайластары ұзақ мерзімге сотталды.

Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, тергеу барысында қылмыстық топтардың құрылымы мен әр қатысушының атқарған міндеттері анықталған.

Заңсыз желілерде міндеттер нақты бөлінген. Топты ұйымдастырушылар жалпы қызметті басқарса, кураторлар есірткі заттары сақталған қоймалардың жұмысын үйлестірген. Ал курьерлер есірткіні арнайы жасырын орындарға орналастырумен айналысқан.

Сот шешімімен ұйымдасқан қылмыстық топтардың 18 мүшесі 16 және 17 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар қылмыстық әрекеттен түскен қаражат, цифрлық активтер, жылжымайтын және өзге де мүлік, сондай-ақ автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді.

Аталған істер бойынша үш сот үкімінің заңды күшіне енуі елордадағы есірткі саудасына қарсы күрестің маңызды нәтижелерінің бірі болды.

#Астана #Есірткі #ЕсірткіСаудасы #Қылмыс #Прокуратура #Сот #MunarMedia