АСТАНА.15.05.2026 Munarmedia.kz – Елорда тұрғындары көптен күткен жеңіл рельсті көлік жүйесі – LRT желісі 16-17 мамыр күндері алғашқы жолаушыларын тасымалдай бастайды. Жаңа көлік желісі Астанадағы қоғамдық көлік қатынасын жеңілдетіп, қала ішіндегі қозғалысты едәуір жылдамдатпақ.
Алғашқы кезеңде LRT бағыты тәулігіне шамамен 25-45 мың жолаушыға қызмет көрсетеді деп жоспарланып отыр. Ұзындығы 22 шақырым болатын желі бойымен пойыздар небәрі 40 минут ішінде қатынайды.
Мамандардың айтуынша, Қытайда құрастырылған заманауи вагондар елорданың ауа райына толық бейімделген. Олар қысқы сынақтардан өтіп, -30 градус аязда да тұрақты жұмыс істеуге дайын екендігін дәлелдеген.
Әрбір пойыз құрамы 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады. Ал қозғалыс интервалы 5-6 минут шамасында болады. Бұл әсіресе қарбалас уақытта жолаушылар легін азайтып, қоғамдық көліктегі ыңғайсыздықты төмендетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жаңа LRT вагондарының басты ерекшелігінің бірі – шу деңгейінің барынша төмен болуы. Яғни, жолаушыларға тыныш, жайлы әрі жылдам сапар ұсынылады.
Бүгін елордада журналистерге LRT жүйесінің жұмысы таныстырылып, жаңа көліктің техникалық мүмкіндіктері көрсетілді. Мамандар бұл жоба Астананың көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
#Астана #LRT #ҚоғамдықКөлік #Munarmedia #Қазақстан #Көлік #Жаңалықтар