Munarmedia.kz 21.04.2026 /Astana/- Астанада RES 2026 EXPO халықаралық көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі және негізгі халықаралық келісімдерге қол қою өтеді.
2026 жылғы 22 сәуірде сағат 15:30-да елордадағы «EXPO» халықаралық көрме орталығының бас сахнасында жасыл технологиялар, инвестициялар және орнықты даму саласындағы Орталық Азиядағы ең ірі алаңдардың бірі – RES 2026 EXPO халықаралық көрмесінің ресми ашылу рәсімі өтеді. Сонымен қатар, жасыл экономика мен климаттық инвестициялар бағытындағы маңызды халықаралық келісімдерге қол қойылады.
Салтанатты шара көрменің алғашқы күніндегі басты оқиғаға айналып, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, бизнес өкілдері және инвестициялық қауымдастық мүшелерін бір алаңға жинайды.
Іс-шараға Орталық Азия елдерінің қоршаған ортаны қорғау министрлері, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Antonello De Riu, сондай-ақ Green Climate Fund ұйымының Шығыс Еуропа бойынша директоры Thomas Eriksson қатысады.
Рәсімнің негізгі бөлігі «жасыл» экономиканы дамыту, инвестициялар тарту және өңірлік ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған бірқатар маңызды халықаралық келісімдерге қол қоюға арналады.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Италия Республикасының Қоршаған орта және энергетикалық қауіпсіздік министрлігі арасында меморандумға қол қойылады. Құжат экология және климаттың өзгеруі салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, жасыл технологияларды енгізуге, табиғи ресурстарды тиімді басқаруға және энергия үнемдейтін шешімдерді дамытуға негіз болады.
Бұл платформа энергетика және климаттық трансформация бағыттарындағы ұлттық басым жобаларды жүйелі түрде әзірлеуге және жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол мемлекеттік органдарды, даму институттарын және жеке инвесторларды біріктіріп, климаттық қаржыландыру тартудағы кедергілерді азайтуға ықпал етеді.
Рәсім аясында Қазақстан Даму Банкі басқарма төрағасының қатысуымен ірі өнеркәсіптік және «жасыл» жобаларды қаржыландыруға бағытталған инвестициялық келісімдерге де қол қойылады.
Сондай-ақ ҚазМұнайГаз және Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің қатысуымен энергетика және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қатысты стратегиялық құжаттар бекітіледі. Шараға Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов те қатысады.
Қол қойылатын келісімдер өңірдегі халықаралық әріптестікті дамытуға, инвестициялық жобаларды іске асыруға және орнықты дамуды ілгерілетуге серпін береді деп күтілуде.
Айта кетейік, RES 2026 EXPO халықаралық көрмесі 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында өтіп, 30 елден 300-ден астам компанияны, 1500-ден астам делегатты және 20 мыңнан астам келушіні біріктіреді.
#RES2026 #Astana #ЖасылЭкономика #Инвестиция #EXPO2026 #ОрнықтыДаму #Климат #ХалықаралықЫнтымақтастық