Munarmedia.kz 28.04.2026 /Astana/ — Атбасар қаласы кешенді аумақтық дамудың жаңа үлгісін енгізу бойынша алғашқы пилоттық ауданға айналды. Аудан әкімдігінде өткен «ATBASAR RE:START» сыртқы кеңесі жергілікті тұрғындар, мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастық және сарапшылар алаңына айналды.
Жиын барысында қатысушылар тек пікір алмасып қана қоймай, нақты жобалар мен шешімдерді таныстырды. Олар құрылыс материалдарын өндіруден бастап, қаланы абаттандыру және инвестициялық жобаларды іске асыруға дейінгі бағыттарды қамтыды.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова атап өткендей, бастаманың басты мақсаты — өңірдің тұрақты экономикасын қалыптастыру, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және инвестиция тартуға қолайлы орта құру. Оның айтуынша, жаңа тәсіл жергілікті әлеуетті тиімді пайдалануға негізделген.
Жүйелі трансформация және жаңа жобалар
Қаланың кешенді жаңғыру процесінде негізгі рөлді KOKSHE шаруашылық құрылымы мен KOKSHETAU ENGINEERING урбанистика орталығы атқарып отыр. Бұл ұйымдар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мастер-жоспарлар әзірлеумен қатар, инвестициялық тартымды жобаларды қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
«KOKSHE» құрылысы төрағасының орынбасары Али Алиев ұсынған мәліметке сәйкес, өңірде реновация бағдарламасы аясында айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, облыс орталығы мен бірқатар аудандарда 21 тұрғын үй (193 пәтер) сүріліп, оның орнына 10 жаңа үйде 763 пәтер салынған.
Алдағы жоспарлар бұдан да ауқымды. 2030 жылға дейін 250 апатты және ескірген үйді бұзып, 5 мың пәтерлік 55 тұрғын үй салу көзделіп отыр. Бұл шамамен 18 мың тұрғынның тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Атбасардың жаңа келбеті
Биыл Атбасар қаласында бірқатар маңызды жобалар жүзеге аспақ. Олардың қатарында:
— аумақты кешенді зерттеу;
— қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру;
— ғимараттардың қасбеттерін жаңарту;
— қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру.
Сонымен қатар, 100 пәтерлік тұрғын үй, балалар ойын-сауық орталығы және кинотеатр салуды қамтитын инвестициялық жобалар пакеті әзірленуде.
Үлгілік жоба
Сарапшылардың пікірінше, Атбасарда іске асырылып жатқан бұл бастама аймақтық дамудың жаңа стандартына айналуы мүмкін. Егер жоба сәтті жүзеге асса, әзірленген шешімдер Ақмола облысының өзге аудандарына да кезең-кезеңімен енгізілмек.
#Munarmedia #Astana #Атбасар #ӨңірДаму #Урбанистика #Инвестиция #АқмолаОблысы #Құрылыс